Қала тазалығына қатысты қатаң ескертулер айтылды

«Тазалық сенбіліктерін өткізу еріккенің ермегі емес. Әр мекеме өздеріне бөлінген аумақтардың тазалығына дұрыс қарасын. Салғырт-салақтыққа қатаң шара қолданатын боламыз». Қала әкімі Асқар Ыдырысов сейсенбі күнгі кеңейтілген аппараттық жиында осылай деді…

Қала басшысының мұндай қатаң ескертулер жасауына өткен аптада өткен сенбіліктегі шикіліктер себеп болды. Көктемгі екі айлыққа орай өткізілген тазалық сенбілігіне көптеген мекемелер шықпай қалған. Ал, шыққандарының өзі жүрдім-бардым жұмыс жасаған. Көше бойларында қоқыс салынған қалталар тасылусыз қалған. Қалған деп айту бер жағы. Он-он бестен буылған қағаз қалталар қала көшелерінде үш күнге дейін жинаусыз жатқан. Ақыры олар шашылып, онсыз да шала жиналған аумақтар қайта күл-қоқысқа оранған.

– Ұжым мүшелерін айтпағанда, кейбір мекеме басшыларының өзі жұмыс орындарында болмай шықты. Оларды телефон арқылы шақыртып алдық. Мұндай оралымсыздықтар енді қайталанатын болса, қызметтік мәселесі қаралатын болады.

Екінші бір өзекті мәселе, шағынаудан кеңестеріне қатысты болып отыр. Қалада арнайы шағынаудан кеңестері құрылғанымен, олардың жұмыстары еш сын көтермейді. Біз ол азаматтардан көп нәрсе талап етпейміз. Бар болғаны тазалық бейсенбіліктері мен сенбіліктеріне толыққанды қатысып, техникамен, адам күшімен қамтамасыз етсе болғаны. Қала – кеншілер қаласы. Оның санитарлық жағдайы мен сәулетінің талапқа сай болғаны баршамызға ортақ. Осы мақсатта бүгінгі жиынға «Қазақмыс» корпорациясы тау-кен кешенінің өндірістік директоры Қиянбеков Бақыт Серікбайұлы арнайы келіп қатысып отыр. Келешекте бұл мәселе күн тәртібінен түсер деген үміттеміз, – деді әкім әңгіменің ашығына көшіп.

Атқарушы директордың де айтары аз, бірақ саз болды. Сәтбаев қаласы аумағындағы кеніштер мен кәсіпорындардың басшыларын тік тұрғызып, мәселені қабырғасынан қойды. «Сенбіліктер мен бейсенбіліктерге қатысып, жұмысты сапалы жүргізу өндірістік жоспарды орындаумен бірдей, сондықтан, оған жүрдім-бардым қарамаңдар. Корпорация басшылары қала әкімінің алдында қызарып тұрмайтын болсын», деді нығарлап. Бақыт Серікбайұлы сондай-ақ, әр шағынаудан кеңесінің басшыларына жұмысты ширатып, әр шағынаудан кеңесінің төлқұжатын қайыра жасауды, адам күші мен техниканы жеткілікті бөлуді тапсырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.