Күйзеліс жағдайында психологиялық көмек көрсету түрлері

«Депрессия» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда – «торығу», «күйзелу» деген мағынаны білдіреді. Негізінен адам баласының депрессияға ұшырауын психологиялық ауытқулардан немесе өкпе, реніштерден туындайтын процесс ретінде санайды. Ол бірнеше уақытқа адам баласының қатты жабығып, күйзеліске түсуін, одан әрі адамның эмоционалды тепе-теңдіктен шығуына кері әсерін тигізетін көрінеді.

Күйзеліс – емі табылатын сырқаттың бір түрі. Егер күйзеліс көлемі кішігірім, яғни қатты асқынбаған түрі болса, ондай жағдайда бұл күйден 2-3 күнде айығып кетуге болады. Алғашқы белгілері байқалып жатса, бұл жағдайдан өзіңіз шығып кетуіңізді қадағалаңыз. Белгілі бір уақытты мәреге қойып сол күнге дейін толықтай сауығып кетуге жағдай жасаңыз. Уақыт өтіп, ал өзгеріс байқалмаса – кәсіби мамандарға көрінуіңіз абзал.
Күйзелісті қандай жолмен емдеген жөн?
Алғашқыда, психологқа немесе дәрігерге барғаныңыз жөн. Өз қиындықтарыңыз жайлы достарыңызбен немесе өзге де адамдармен әңгіме өрбітіп көріңіз. Күйзеліс – жақын адамдарыңыздан алшақтатып жіберуі де мүмкін. Олар сіздің жағдайыңыз үшін алаңдайтынын да ескергеніңіз жөн. Дегенмен, өз мәселелеріңізбен жалғыз қалуға болмайды.
Өзіңізге қалай көмек бере аласыз?
Сыртқы келбетіңізге көбірек уақыт бөліңіз. Күйзеліс уақытында адам өз күшін жоғалтады.  Өз жағдайыңызды түзету үшін физикалық түрде аздап қозғалуға тырысыңыз. Көшеде серуендеп немесе үй ішіндегі шаруаларға кірісіп көріңіз.
Мүмкіндігінше дұрыс тамақтана біліңіз. Күйзеліс уақытында адам баласының иммунитеті әлсірейді. Бұл жағдайда дәрігерлер дәрумендерді жиі тұтынуға кеңес береді.
Денсаулығыңызға зиян келтірмеңіз. Адамдардың көпшілігі алкогольді заттарды тұтынып, күрмеуі қиын мәселелерден оңай құтыламыз деп ойлайды. Негізінде, күйзеліске шалдыққан адамға ішімдік немесе басқа да зиянды заттар өте қауіпті. Ол ауруды тек ушықтырып жібереді.
Күйзеліс – жас талғамайтын сырқат. Сол себепті де осы белгілерге сәйкес құбылыстарды байқап жатсаңыз, шұғыл түрде психологқа немесе дәрігерге көрініңіз.

А.Нұржанова, Сәтбаев қаласы емханасының психологы.

Комментарии закрыты.