ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІ
Бүгінгі әңгіме бағдарламасы бедерлі Бозшакөл мен ауқымы алабөтен Ақтоғайға арналады. Бастапқысын игеру 2011 жылы қолға алынды, кейінгісінің тұсауы келесі жылы кесілді. Екі жоба да — ұзақ мерзімдік. Бозшакөл Қазақстанның солтүстігінде. Ал, ауыздан түспей жүрген Ақтоғай елдің шығысында, Өскеменнен оңтүстік-батысқа қарай 400 шақырым қашықтықта жатыр. Балқаш көліне таза жақын, шығыс жағалауынан 40 шақырым ғана. Енді, бұл екеуінің бізге қандай қатысы бар? Тікелей! Жезқазған жағында шикізат өндіру көлемін кемітіп, кен қорының жүгін жеңілдетуге септігін тигізеді.
Бозшакөл. Комбинатта құрылыс қарқынды жүргізілді. Бес жылдың бедерінде бас кірме шойынжол, қуаты 220 кВ. электр байланысы желісі, негізгі өндірістік ғимарат, бастапқы ұнтақтау қондырғысы, кен қоймасы мен қоюлатқыш, тағы басқа толып жатқан нысан қаз-қатар сап түзеді.
«Қарқынды» деген күшейткіш өнеркәсіптік нысанға ғана қатысты емес, баспанаға да байланысты. Өйткені, жобаны жүзеге асырушы қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
Кен орнындағы қарбалас бес жылдан бері толастаған емес. 2015 жылы 7,1 миллион тонна кен өндірген «Бозшакөл» былтыр бұл көрсеткішті 28,3 миллион тоннаға көтерді. Комбинаттың жылдық жобалық қуаты — 30 миллион тонна. Қол созым жерде тұр!
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген бұл жобаның құны — 1,9 миллиард доллар. Кен қатпарында жол-жөнекей өндірілетін алтын, күміс және молибден сияқты бағалы ілеспе өнім де бар. Тау-кен жұмысы екі ашық карьерде жүргізіледі.
Осы жоба аясында жылына 25 миллион тонна кен өңдейтін байыту фабрикасы мен өңделетін 5 миллион тонна кенді ақбалшықтан арылтатын зауыт қатар салынды. Өткен жылы күкіртті кен өңдейтін негізгі байыту фабрикасы шақпақ мысқа шаққанда 44,8 мың тонна мыс өндірді.
29 қыркүйекте ақбалшық аралас кен өңдейтін екінші фабрикада іске қосу-реттеу жұмысы басталды. Бастапқы байқау кезеңінде сыр бермеген ол төртінші тоқсанда 0,2 мың тонна концентраттағы мыс өндірді. Мұндай шикізат 12 жылға жетеді. Сосын кәсіпорын күкіртті кен өңдеуге лайықталып, қайта жарақтандырылады.
Кеңестік кезеңде Бозшакөл кен орнын игеруге шикізат құрамындағы мол балшық едәуір кедергі келтірді. Ақбалшық араласқан кенді өңдейтін технология таптырмады. Соңғы заманауи жетістік қана мұндағы кен қорын алуға мүмкіндік тудырғанын айта кеткен артық емес.
Карьердегі бастапқы кен ұнтақтау қондырғысында көлемі жағынан әлемдегі ең керемет конустық ұнтақтағыш пен редукторсыз қозғалысқа келетін және екі шарлы диірмен қолданылады. Суды Сәтбаев каналынан алады. Сондықтан, жалпы ұзындығы 20 шақырымдай арнайы сутаратқыш тартылған.
Комбинаттан 3 шақырым жерде біржарым мыңдай адам тұратын тұрақты вахталық қалашық салынған. Онда бірыңғай баспана ғана емес, әртүрлі әлеуметтік нысан мен жұмыстан қол боста уақыт өткізетін орын да қарастырылған.
Ақтоғай. Бұл кен көмбесін бастапқы барлау 1974 жылы басталды. Алты жылдан кейін КСРО Пайдалы қазба қоры жөніндегі мемлекеттік комиссия анықталған қор көлемін бекітті.
2004 жылы жер қойнауын пайдалану құқын «Қазақмыс» алды. 2011 жылы желтоқсанда Қытай мемлекеттік даму банкімен Ақтоғай жобасын қаржыландыруға қатысты уағдаластыққа қол жетті.
Комбинатта кен өндіру үш ашық карьерде жүргізіледі. Мұнда былтыр тау-кен жұмысын жүргізуді барынша ұлғайтты. Соның арқасында тотыққан кен өңдейтін кешен 18,1 мың тонна катод мысын өндірді.
Былтыр 6 желтоқсанда жылына 25 миллион тонна күкіртті (сульфитті) кен өңдейтін байыту фабрикасында іске қосу-реттеу жұмысы басталды, бүгінде жабдық байқаудан өткізілуде. Амандық болса, алғашқы тауарлы мыс концентраты биыл бірінші тоқсанда алынады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жуырда жылына 12 миллион тонна тотыққан кен өңдейтін дымқыл сілтісіздендіру мен электролиздейтін зауыт пайдалануға беріледі. Комбинат қуаты кезең-кезеңмен қатарға қосылады. Тотыққан кен өндіру қазірдің өзінде қолға алынған.
Ақтоғай байыту фабрикасы келешекте сағатына 30 мың тоннаға дейін күкірт қышқылды кен өңдейтін болады.
Бастапқы кезеңде тек бір кеніштің өзі 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын береді. Негізгі жабдықты сатып алу мәселесі шешілген. Болашақ өндірістік алаңның аумағы басы артық дүниеден тазартылып, қазба орны мен тұрғын мекен-жайға апаратын жол салынған. «Қазақмыс» пен мердігер компания адамдары тұратын уақытша вахталық қалашық дайын.
Ақтоғай — Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданының аттас қалашығымен қапталдас жатқан ашық әдіспен кен өндірілетін қуатты кеніш. Оны қатарға қосу үшін шамамен 2 миллиард доллар жұмсалады. Бұл қазба байлығын игеру де үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген.
Ақтоғай комбинаты келешекте жылына 25 миллион тонна кен өндіреді. Жалпы жобалық қуатында қарастырылған жарты ғасырда тотыққан кеннен 224 мың тонна, ал сульфидті кеннен 4 миллион тоннадай мыс алынады. Сондай-ақ, ілеспелі өнім түрінде молибден өндіріледі.
Комбинатта 1500 адам вахталық әдіспен жұмыс істейтін болады.
Өндірісті вахталық тәсілмен ұйымдастыратын қос комбинатта да жұмыс ауысыммен жүргізіледі. Басшылық құрамында ішінара шетелдік маман болады. Олардың негізгі міндеті — комбинатты көңілдегідей қатарға қосуды қамтамасыз ету, технологиялық үдерісті ретке келтіру, сосын басқару тізгінін бірте-бірте жергілікті жігіттерге беру.
Әлібек ӘБДІРАШ.