Қуатты дамудың негізі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы  Жолдауы аясында атқарылып жатқан істер жайында халық пен еңбек ұжымдарының арасында ақпараттық-насихат тобы жұмыс істеп келеді. Өткен жұма күні Қарағанды облыстық ақпараттық-насихат тобы «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледжі мен қалалық кеңестік емхананың ұжымымен жүздесті.

Облыстық топтың құрамында «Қарағанды облысы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» ММ бөлімінің бастығы Ерлан Түсіпов, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті департаменті бастығының орынбасары Инна Никифорова мен Қарағанды облысы бойынша қаржы басқармасының бас маманы Данияр Сағымбаев болды.

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева кездесуді ашып, жүргізіп отырды.

Топтың жұмысына Сәтбаев қаласы МСЭ бөлімінің бастығы Б.Құндақбаев пен қаржы бөлімінің бастығы Е.Сәкеев қатысты.

Алғаш болып сөз алған Д.Сағымбаев Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде индустриялық-инновациялық жоба бойынша атқарылған істерге тоқталды. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыруда біздің облыстың алдыңғы қатарда екенін жеткізді.

– Жолдаудағы білім беру, денсаулық сақтау саласы мен тілдерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде, – деген Инна Никифорова денсаулық саласындағы өзгерістерге тоқталды.  –  2013 жылға дейін Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуді толық аяқтау, бастапқы  медициналық-санитарлық жәрдемнің сапасын арттыру, мамандандырылған емдеу-диагностикалық «Денсаулық» пойызының жұмысын одан әрі нығайту, 2015 жылға дейін санитарлық авиация мұқтажы үшін 16 тікұшақ ұйымдастыруды қамтамасыз ету шалғай елді-мекендер мен ауылдық жерлердегі азаматтардың денсаулығын тексеріп, дер кезінде көмек беруге мол мүмкіндік ашпақ.  Ел азаматтарының таза ауыз сумен қамтамасыз етілуінде де бір ізді шаруалар атқарылуда. «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында іргелес жатқан Сәтбаев ауылының тұрғындары осы бағдарлама негізінде таза ауыз суға қол жеткізбек.

Бұл қазақстандықтардың қуатты да ұзақ өмір сүруіне негіз болады, – деп түйіндеді сөзін И. Никифорова.

– Осы жылы облыстық бюджеттен елді-мекендердің жолдарын жөнге келтіруге қаражат бөлініп, маңызды деген жолдар дұрысталмақ, – деді Е.Түсіпов.

Одан кейін қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева кездесу барысында өз қаламызда Жолдау аясында атқарылып жатқан істерге тоқталды.

– Жолдауда Елбасы үкіметке әкімдермен бірлесе отырып жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің бағдарламасын жасап, жұмыс атқаруды тапсырған болатын. Осы үш бағдарламадан біздің қала да тыс қалмай, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 1 шілдеде жұмыспен қамту орталығы ашылып, жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтылуына, мамандық алуына мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ, ТКШ-ны дамытуда да жұмыстар қолға алынып, жөндеуді қажет етіп тұрған көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарының келісімімен несие жүйесі бойынша күрделі жөндеуді биылғы жылы бастағалы отырмыз. «Ақбұлақ» бағдарламасының шапағаты да Сәтбаев ауылына тимек. Сөйтіп, ауыл халқы таза сумен қамтылмақ, – дей келе, Марал Сағынайқызы келген қонақтарға алғысын білдірді.

Осы орайда айта кету керек, Сәтбаев қаласынан 5 индустриалды-инновациялық жоба әзірленіп, қазір облыста қарауда жатыр. Егер де жобалар қабылданса, бұл жұмыстарды да қолға алу жоспарланып отыр.

Екі мекемеде өткен кездесуде топ мүшелеріне қызметкерлер сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.