100 жер учаскесі сатылымға шығарылады

Биыл жазда пайдалы қазбасы бар 100 жер учаскесі сатылымға шығарылады. Бұл туралы «Майнекс» форумында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Биыл жаз мезгілінде шамамен 100 жер учаскесі аукционға шығарылады. Осы айдың ішінде біз ақпаратты ресми түрде хабарлаймыз. Бұл аумақтың қанша сомаға сатылатындығы аукционда белгілі болады. Яғни, Салық кодексінде көрсетілгендей алдымен баға төменнен басталады. Кейін өсе береді. Кен орындарына қатысты ақпараттарды Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің сайтынан ала аласыздар», – деді ол.

Сонымен қатар, Тимур Тоқтабаев алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

«Елімізде тау-кен саласында 9 жыл дағдарыс болды. Ал әлемде геологиялық барлауға инвестиция тарту бірнеше есе төмендеді. Бірақ, Қазақстанда бұл салаға инвестиция тарту сақталды. Дегенмен, бұл аз. Сондықтан, Үкімет осы салада кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Мақсат – жаңа геологиялық барлау жобаларына инвесторлар тарту. Бұл үлкен тәуекелді қажет етеді. Сондықтан, біз (инвесторларға – автор) нақты кепілдіктер береміз. Әкімшілік рәсімдерді азайтамыз. Жұмыстың ашық жүргізілуіне жағдай жасаймыз», – деді министр.

Комментарии закрыты.