Басты бағыттар талқыланды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылау мақсатында еліміздің барлық аймақтарында актив жиындары ұйымдастырылып, маңызды құжатта айтылған негізгі мәселелер түсіндірілуде. Осындай жиын кеншілер қаласында да өтіп, оған қала әкімі Асқар Ыдырысов, мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, мемлекеттік мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері қатысты.

– Елбасы өзінің Жолдауында еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын айтқан болатын. Осыған байланысты, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз – айқын, бағытымыз – белгілі, ол – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Сондай-ақ, бұл мақалада Мемлекет басшысы жаңа дәуір болмысында еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделіне байланысты міндеттер қойды, – деген қала басшысы бұл маңызды саяси-идеологиялық құжатта айтылған бірқатар мәселелерге де тоқталып өтті.

Алқалы жиында Елбасының мақаласы туралы өздерінің пікірлерін «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәуия Бекмағамбетова, №1 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Света Кенжеғозина, қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы Шаһарғали Байқасов, украин этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Мирослава Галушка, жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Күлбай білдіріп, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, ұлттық құндылықтар мен қазақ елінің тарихи мұралары жайындағы ойларымен бөлісті.

– Елбасы ұлы мақсаттарға қол жеткізудің, яғни рухани жаңғырудың басты 6 құрамдас бөлігін ұсынып отыр. Олар – бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы. Ал, бұл бағыттардың қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуда алар орны ерекше. Бүгінгі мақала жыл басындағы Елбасының халыққа Жолдауын толыққанды ашып, Қазақстанның жаһандық жаңғырудағы адымдаған дамуын жылдамдатпақ. Жоғарыда аталып өткен барлық мәселелер уақытында орындалып Қазақстан халқының экономикалық хал-ахуалын көтеруге атсалысып және оны жүзеге асыру, еліміздің жаңа жағдайда жаңғыруына сүбелі үлес қосу – біздің негізгі міндетіміз, – деді Асқар Абылайұлы актив жиынын түйіндей келе.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.