Қалалық филиал есеп берді

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының XXIV кезектен тыс конференциясы өтті. Оған партияның Қарағанды облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Марал Мәдиева, партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің, партиялық бақылау комиссиясының, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, мекеме басшылары және қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Жиынды «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Асқар Ыдырысов ашып, жүргізіп отырды.

Конференцияда екі мәселе қаралды. Бірі – партияның қалалық филиалының 2016 жылдың соңғы тоқсаны мен 2017 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстарға есеп беру болса, екіншісі – Қарағанды облыстық филиалының XXVII кезектен тыс конференциясына делегаттар сайлау.

Алғашқы сұрақ бойынша жиналғандар алдында «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж. Дәрібаев баяндама жасады.

– «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалындағы есепте тұратын 2994 партия мүшесі 13 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Тоқсандық партия мүшелерінің санын анықтау барысында партиямен байланыс жоғалтқан және жұмыс орны немесе тұрғылықты жері ауысқаннан кейін тіркеуге тұрмаған 131 мүше партия құрамынан шығарылды. Соңғы 3 ай ішінде партия қатарына 24 адам қабылданды. Халық пен мемлекеттік мекемелер арасында тығыз байланысты қалыптастыру мақсатында қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын толық деңгейде атқарып келеді. Жыл басынан бері барлығы 31 арыз-шағым түсіп, оның 25-і оң шешілді. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде бекітілген кестеге сәйкес қала әкімі, мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік атқару және құқық қорғау органдарының басшылары азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды. Жалпы «Нұр Отан» партиясы қазіргі таңда 7 жоба аясында жұмыс жасауда, – деді Жаңбырбай Әбжаметұлы.

Конференцияда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Қ. Жанасылова, «Шарайна» бастауыш партия ұйымының төрағасы Б. Бірманов және қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Б. Алимова баяндама бойынша шығып сөйледі.

Күн тәртібіндегі екінші сұраққа байланысты жиынға қатысушылар облыстық филиалдың конференциясына қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж. Дәрібаевты, қалалық мәслихат депутаты, «Тазалық – 2020» ЖШС директоры Қ. Керімқұловты және қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, «НұрТрансСәт» ЖШС директоры Қ. Балмағамбетовты делегат етіп сайлады.

Конференция жұмысын қорытындылай келе, филиал төрағасы Асқар Ыдырысов бірқатар мәселелерге тоқталды.

– Бәрімізге белгілі Астана қаласында өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі әлемдік деңгейдегі өте маңызды іс-шара. Сондықтан, әрбір партия мүшесі осы көрменің маңыздылығын халық алдында насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізуге атсалысуға тиіс. Сонымен бірге, бастауыш партия ұйымы басшыларына Елбасының Жолдауын және жақында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды, партия беделін арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Бүгінгі таңда «Жас Отан» жастар қанатының жұмысы өз деңгейінде ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұл жұмысты бақылауға алуды Жаңбырбай Дәрібаевқа тапсырамын, – деді қала басшысы.

Конференция барысында «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы қаланың шет жағында орналасқаны, соның салдарынан халықтың өз шағымдарын айтып баруына кедергі келтіретіні де сөз болды. Сол себептен қала әкімі Ж. Дәрібаевқа қала орталығынан лайықты ғимарат қарастыруды тапсырды.

Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.