Зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов су тасқыны кезінде 83 үйді су басқан Бұқар жырау ауданының Чкалово және Садовое ауылдарында болды. Аймақ басшысы зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, ешкімнің де көмексіз қалмайтынын айтты, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде су тасқыны басылды. Аймақта жоғары дайындық режимі алынып тасталды. Судың көп болғанына қарамастан, оның салдарын барынша азайту мүмкін болды, дейді билік өкілдері.
«Самарқанд су қоймасының сыйымдылығы 253 миллион текше метр болса, үш көлемнен артық су өткізілді. Былтыр осы су қоймасы арқылы 760 млн. текше метр, бүгінде 850 млн. текше метр су өткізілді, яғни, 100 ммллионға артық. Су көлемі артық болды, 2015 жылға қарағанда оны дұрыс ағыздық», – дейді облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов.
Қазіргі кезде Самарқанд су қоймасынан су ағызу секундына 240 текше метр жылдамдықпен жүзеге асырылуда.
Қабылданған шаралардың арқасында Бұқар жырау ауданында су тасқыны қаупі бар елді мекендер сақталды. 8 елді мекен, оның ішінде 2015 жылы су тасқынынан қатты зардап шеккен Ғабиден Мұстафин ауылы аман қалды. Жергілікті атқарушы органдар ТЖД-мен бірге жедел әрекет етті.
Әйтсе де, Чкалово және Садовое ауылдарында 83 үй су астында қалды. Бұл ретте жүйелі шаралар қабылдау керек. Облыс әкімі бұл мәселені талдап, оны шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.