«ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ — ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ»

Көтерілген мәселеге орай ата-ана ретінде бірер ауыз пікір қосқанды жөн санадым. «ХХІ ғасыр — технология заманы» деп үдере шауып, тайлы-тұяғымыз қалмай — бала да, басқа да әлеуметтік желі біткенге тіркеліп алдық. «Көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған» әлеуметтік желіге жамиғат жаппай бас ұрған. Осы бетпен кете берсек, бұл көздің де, көңілдің де «нұрын тауысатын түрі бар. Қымбат уақытты ысырап қылып, балаға тәрбие бермек түгілі өзіміз «әлеуметтік желінің» ықпалында кеттік.

Жүсіп Баласағұни «Қатты тәртіп көрген бала — түбінде өнерімен қуантады» деген екен. Тәртіп қашаннан артық болған емес. Әлеуметтік желінің аясын тарылту үшін ортақ тәртіптің болғаны абзал.
Мақпал ЖҮНІСОВА.

Мақала авторының ойы – көптеген адамның көкейінде жүрген мәселе. Осы «әлеуметтік желі» бар уақытты алатыны ақиқат. Тіпті, тәуелді болып жатқаны да көп екені жасырын емес. Виртуалды әлемде адасып, алтын уақытын қор қылып жүрген бала, жасөспірім, тіпті қарияны көргенде жүрегің ауырады. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың көбін теледидар мен телефонға ысырап етіп, өмірінің бос өткенін кеш түсінетіні қандай өкінішті?!
Әлемді толғандырған мәселенің бірі – «әлеуметтік желінің» зияны. Қоғамға қатер төніп тұр. Жастар жағының санасы уланып, жүйесіз ой, мақсатсыз іс-әрекет түрлі келеңсіздікке ұрындырып жатыр. Мақала авторының пікірімен толық келісемін. Жаһандық мәселеге айналып отырған «әлеуметтік желіге» шектеу қойып, жас ұрпақтың салт-сана, ұлттық үрдістен ажырап кетпеуіне жедел жәрдемдеспесек, кейін кеш болады.
Толқын КҮЗЕМБАЕВА,
№7 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Болашағымыз — жастар. Олардың өмір сүру әдебін, қызығушылығы мен талпынысын, жетістігі мен кемшілігін сараптай отырып, мемлекет болашағын болжауға болады.
Қазір ғаламтор желісін пайдаланбайтын жас, бала кемде-кем. Дегенмен, оның зор пайдасымен қатар зияны да жетерлік. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Еріншектен — салақтық, салақтықтан — надандық, Бірінен-бірі туады, Жоғалар сөйтіп адамдық» десе, адамды еріншек қылатын күн ұзақ жіпсіз байлайтын осы әлеуметтік желі.
Әлеуметтік желі астұзына ұқсайды. Күнделікті қолданыста өте қажет, бірақ, мөлшерден тыс көбейіп кетсе — денсаулыққа зиян. Бір ғана айырмашылығы — астұзын қолдану есебі, ережесі, мәдениеті қалыптасқан. Ал, әлеуметтік желіні қолдануда бізде есеп те, ереже де, мәдениет те жоқ.
Бұрын жаздай балалар таң атқаннан, кеш қарайғанға дейін үй көрмей, далада ойнап жүруші еді, ал қазір ғаламтордан түрлі ойын ойнап, түрлі әуен тыңдап, бейнежазба көруге құмартып алған. Тіпті компьютердің жанынан шықпайтын ауруға шалдықты деуге болады.
Бірақ, ата-ана, бала көп ескере бермейтін бір мәселе бар, ол — ғаламтордың адам денсаулығына деген қауіптілігі. Ғаламтордағы кейбір дүниенің адам психологиясына кері әсер етуі. Сондықтан, ата-анаға берер кеңесім — баланы ғаламтордан алшақтатып, бір мезгіл кітап оқуына, ақыл-ойын дамытатын ойын ойнауына, салауатты өмір салтына баулуға, шығармашылық үйірмеге баруына көбірек көңіл бөлейік.
Э.ҚАЛЫБЕКОВА,
№ 3 «Балдырған» бөбекжай-
балабақшасының тәрбиешісі.

Әзірлеген Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.