ТЕОЛОГПЕН ТІЛДЕСТІК

Исламтанушы-ғалым, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Арман ҚУАНЫШБАЕВ жергілікті журналистерге арнайы сұхбат берді. Дін дүрмегімен діңкелеткен талай тақырып тілге тиек етілді. Дайындап апарған сауалды біз де қойдық.

«Шарайна»:
– ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев елдегі радикалды діни ағым өкілдері және қалыптасқан діни ахуал туралы таяуда «Астана» телеарнасына берген сұхбатында «Араб шейхтарынан хабар келсе, салафиттер қоғамға, халыққа қарсы шығады» деген сыңайда сөз айтып қалды. «Сондықтан, оларға сенім деген жоқ» деді. Сіздің пікірді білсек…

Теолог:
– Министр мырза ондай пікірді негізсіз ойдан шығарып айтқан жоқ. Осы бір сауалдың өзі жеке әңгімеге желі болуға жарап жатыр. Бірақ, мен барынша қысқартып айтайын. Дәстүрлі емес діни ағымда жүрген адамды сындарлы (конструктивті) және бүлдіргіш (деструктивті) деп бөлудің өзі дұрыс емес екендігін өмір, уақыт көрсетті. «Бүлдіргіштің» беталысы белгілі, «сындарлы» деп жүргеннің де «сынып» түсетінін талай көрдік. Ондай азаматтың атын атап, түрін түстеп жату міндет емес шығар?!

Ендеше министрді мазалаған ой бізге де тән. Жамап-жасқамай, шындықты шырқыратып айту — айып емес. Елбасы да жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездескенде өмірде діннің ерекше ықпал ететінін атап өтіп, уәкілетті органдар тарапынан діни қарым-қатынасты реттеу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Деструктивті діни ағымға қарсы күресу қажеттігіне назар аударды. «Халық арасына теріс діни ағымды енгізу — бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мемлекеттікке қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан, сіздердің алдарыңызда зор міндет тұр» деді имамдарға арнаған сөзінде.
«Шарайна»:

– Адамның сыртқы сипаты ішкі жан-дүниесіне өлшем бола алмайды. Айтпағым: қысқа балақты шалбар мен хиджаптан құтылу қоғамға онша қиындық тудыра қоймас, ал адамның ішкі әлеміне әлі келе ме? Адасқан бауырды имандылыққа қалай ұйытамыз?.

Теолог:
– Бұл сауалдың да жауабын мемлекет басшысының айтқан уәжінен табамыз. Қазақстан мұсылмандарының дәстүрлі ханафи мазхабын ұстанатынына, исламның осы бағытының негізін түсіндіруге машықтанған маман даярлау қажеттігіне тоқталған

Елбасы былай деді:
«Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында 3800 имам бар. Оның жартысы діни сауаттылықты арттыру курсынан өткен. Алайда, мұның жеткіліксіз екенін айта кеткен жөн. Бізге осы саладағы имам мен маманның білім деңгейін арттыру жайын ойластыру қажет.

Оқыған имам ғана дұрыс білім бере алады. Ол өз дінін терең танып, өзге діннің ерекшелігін зерттеп, басқа да білімді игерген адам болуға тиіс. Имам шешендік өнерді, адам психологиясын меңгерген идеологқа айналуы керек». Бұдан артық жеріне жеткізіп қалай айтуға болады?

Елбасы жас ұрпақтың діни сауатсыздығына да айрықша назар аударды: «Соның салдарынан жастар сақал қойып, шалбарының балағын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрге де, халққа да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді».

Қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен дін арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты: «Нағыз мұсылманды киген киімінен емес, ішкі иманынан таниды. Адамның жүрегінде сүйіспеншілік болса, соның иманы бар…

Бүгінде азаматтар интернет арқылы түрлі мәлімет алады. Осылай, дәстүрлі емес ағымның да уағызын тыңдап жүр. Ол үшін түрлі әдіс пен технология қолданылуда. Біз де күрес жүргізуде ақпараттық технология қолдануымыз керек. Қажет болған жағдайда, мемлекет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қолдауға дайын».
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасын әзірледі. Оны кең көлемде талқылап, көптеген сарапшы мен дінтанушының ой-пікірі, ұсынысы ескерілді. Тұжырымдама бекітілген соң сенімді тұғырнама болады деген сенім бар. Сонда соңғы сауалыңыздағы мәселені шешудің де тетігі табылады.

«Шарайна»:
– Кеншілер қаласында қалыптасқан діни ахуал қандай деп ойлайсыз?

Теолог:
– Соңғы келгенде байқағаным, жастар арасында дәстүрлі дінді ұстанушылар қатары көбейіп қалғандай көрінді. Бұл қатты қуантады. Бұдан бұрын келгенімде мешіттегі жағдай көңіл құлазытарлық еді. Басқа діни ағымдағы азаматтардың басымдығы бірден байқалып тұратын. Олар тіпті имаммен жаға ұстасуға бейін барғанын білеміз. Қазір тұрғындардың дәстүрлі дінге деген көзқарасы жақсарып қалған сияқты.

Бірақ, «Іс бітті!» деп айтуға әлі ертерек, алда атқарылатын шаруа шашетектен. Өзіміз әңгіме басында қозғаған неке мен талақ тақырыбы, қыз-келіншектің бет тұмшалауы, балаға екпе салуға қарсылық, босану кезінде дәрігерлік көмектен бас тарту, бауырмалдық пен безбүйректік, тағы басқа да шетін мәселе шешімін күтіп тұр. Ислам діні мен шариғатына кереғарлық толық жойылмайынша әлі талай тынымсыз тер төгуге тура келеді.

Әлібек ӘБДІРАШ. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.