Кооперативтер – ауыл шаруашылығын дамыту кепілі

Елбасының үстіміздегі жылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, осы орайда жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді біріктіріп кооперативтер құруға тарту өмірдің өзі туындатқан өзекті мәселелер екені ерекше атап көрсетілді. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстары да қызу қолға алынды.

Өткен аптада қаламызда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қарағанды филиалы Жезқазған аймағының өкілі Ғалым Тусинбаев пен Қарағанды облысы Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы Сәтбаев қаласы филиалының директоры Шолпан Жангаскинованың және қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстөл болып өтті. Оған жеке үй шаруашылықтары мен шағын шаруашылық иелері қатысты.
Жиында қаламызда ауылшаруашылық кооперативін құру мәселесін жүзеге асыру кеңінен сөз болды. Онда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қарағанды филиалы Жезқазған аймағының өкілі Ғалым Тусинбаев ауылшаруашылық кооперативі жайлы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Оның айтуынша, кооперативтің негізгі екі бағыты бар екен. Оның бірі – етті бағыт. Ол негізінен мал бордақылауға негізделген. Ал, екіншісі сүтті бағыттағы кооператив.
Баяндамашы өз сөзінде кооперативті құру және ұйымдастыру жұмыстары жайлы мол мағлұматтар берді.

– Кооператив кемінде 20 жеке қосалқы шаруашылықтардан құралады. Біріккен 20 адам кооператив құру үшін, біріншіден, бағытын анықтап алу керек. Сол құрылған кооперативке біз мал сою алаңдарын ашуға немесе сүт қабылдау пункттерін ашуға несие береміз. Нақтырақ айтқанда, «Береке» бағдарламасы бордақылауға арналған, «Ырыс» бағдарламасы сүтті бағытқа арналған несиелер береді, – дей келіп, өкіл әр бағдарламаға жеке тоқталды.

Мәселен, «Береке» бағдарламасы бойынша несие ірі қара мал алуға және жем-шөпке беріледі екен. Ең жоғарғы сома 4 млн теңге. Несие 6 пайызбен 4,5 жылға беріледі. Төлемді ай сайын, квартал сайын, немесе жарты жылда бір рет төлеп тұруға болады. Жеңілдетілген мерзім – 6 ай.

Несие алушылардың бюджетке, салыққа, екінші деңгейлі банктерге мерзімі өткен қарызы болмауы керек. Несие тарихының дұрыс болуы шарт. Сатып алынған малды бордақылайтын қораның болуы, ауылдың ветеринарлық-санитарлық жағдайының дұрыс болуы да қажет.

Несие ІҚМ сатып алуға және несиенің 20 пайызына дейінгі ақшаға мал азығын алуға беріледі. Сатып алынатын малдың жасы 9-24 айдың арасында болу керек, және ол идентификациядан өткен болу керек (сырғаланған, егілген деген сияқты). Сатып алынатын малдың құны 150 мың теңгеден аспауы қажет.

«Ырыс» бағдарламасы бойынша несие сауынды сиырлар сатып алуға беріледі, мал азығын сатып алуға 15 пайызына дейінгі несиені алуға және сиыр сауатын аппараттарды алуға беріледі. Несиенің жоғарғы сомасы 5 млн. теңгеге дейін, 6 пайызбен 7 жылға дейін беріледі, мал азығына 3 жылға дейін. Төлемді ай сайын, квартал сайын, немесе жарты жылда бір рет төлеп тұруға болады. Жеңілдетілген мерзім 2 жылға дейін, мал азығына 1 жылға дейін. Несиенің пайызын өтеуге 1 жылға дейін және мал азығына 6 айға дейін жеңілдетілген мерзім беріледі.

Бұл бағдарлама бойынша сатып алынатын малдың жасы 15-36 айдың арасында болу керек, және ол идентификациядан өткен болу керек (сырғаланған, егілген). Сатып алынатын малдың құны 195 мың теңгеден аспауы керек. Тағы бір қойылатын талап – 30 басқа 1 сүтті бағыттағы асыл тұқымді бұқаның болуы керек, немесе қолдан ұрықтандыруға келісім-шартың болуы шарт. Несие мерзімі уақытында аналық малдың басын төмендетпеу керек.

Жиында сондай-ақ, кооперативтер құру мен тіркеудің механизмдері де кеңінен сөз болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарды да бүгіп қалған жоқ. Мамандар оларға мейлінше тұшымды жауаптар берді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.