Дәстүрлі дін дәріптелді

Сәуір айының 20-23 аралығында Сәтбаев қаласына белгілі исламтанушы, республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшесі, ғалым Арман Қуанышбаев арнайы іс-сапармен келді. Ондағы мақсат – қала тұрғындарымен «Діни экстремизм және түрлі жат діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында кездесулер өткізу. Осындай басқосудың бірі Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтіп, оған қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Қондыбай Ақпаров және қала жұртшылығы қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген А.Төлендина Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған саяси-экономикалық және рухани жаңғыруға көңіл бөлудің қаншалықты маңызды екенін, сондай-ақ, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу керектігін атап өтті.

Келесі кезекте Арман Қуанышбаев сөз алып, қазіргі уақытта өзекті мәселелердің біріне айналған діни алауыздық пен теріс ағымдардың ықпалы жайында жиналған қауымға кеңінен түсіндіріп айтты.

– Егемендік алған 25 жыл ішінде қазақ даласына әр түрлі сынақтар, көптеген мәселелер кіріп үлгерді. Солардың бірі – дін мәселесі. Жалпы қазіргі уақытта екі түрлі дін етек жаюда. Олар – дәстүрге сай дін және сай емес дін. Дәстүрге сай ислам дінінің екі негізгі ұстанымы бар: сенім-наным бөлігі – ақида және амал бөлігі, ол дегеніміз намаз оқу, ораза ұстау секілді амалдар. Ал, дәстүрлі емес дінге «аумин» дегенде бет сипамау, баяғыдан келе жатқан қазақ халқының салт-дәстүрлерін жоққа шығару, амал бөліктерін орындамау, барлық нәрсені қисыққа тартып, халық арасында ислам діні жайында теріс пікір қалдыру жатады. Мұндай жат ағымдардың пайда болуы қазақ халқына дақ түсіріп қана қоймай, сонымен қатар, мемлекетіміздің діни сауатсыздығын көрсетеді. Осы бастан ел болып бұл мәселені қолға алып тоқтатпасақ, ол өрбіп кете береді.

Қазіргі кезде экстремизм, терроризм ұғымдарының көп айтылуы салдарынан адамдар арасында исламофобия пайда болды. Халық мешіттен қорқады. «Мешітке балаларым барса, жат ағымдарға кіріп кетеді» дейді. Бұл дұрыс емес пікір. Біздің мешіттеріміз толыққанды бақылауға алынған. Ол жерде жат ағымдардың уағыздары мүлдем жүргізілмейді, кітаптары таратылмайды. Мешіт жұмысы толығымен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тәртібімен ұйымдастырылған. Оларға тек имамдардың тарапынан ғана емес, мемлекетіміздің де тарапынан қолдау көрсетіліп, мешіттегі тыныштық, руханият өте жақсы сақталған. Біздің қазіргі мәселеміз қоғамдық орындар болып отыр. Спорт кешендері, базарлар, басқа да адамдар шоғырланатын жерлерде теріс уағыздар, кереғар іс-әрекеттер жүргізілуде. Сондықтан, осындай жерлерге барғанда дін мәселесі жайында әңгіме қозғалып жатса, абай болыңыздар демекпін.

Жалпы дінге қатысты мәліметтерді іздеген кезде тек ҚМДБ сараптамасынан өткен, солардың мөрі, жазуы бар кітаптарды алып оқыңыздар. Ал, интернет желісін қолданатын болсаңыз, мәліметті діни басқарманың ресми сайтынан алуыңызға болады. Әр нәрсені шешкенде өзінің маманына барып, ғалымдармен кездесіп, кеңескен дұрыс. Көлденең келген көк атты дін туралы айтса, соның сөзіне еріп, дұрыс екен деп сене бермеу керек. Интернет желісінен немесе басқа да жерлерден ресми құжаты жоқ қандай да бір діни ақпарат келсе, оған сенбеңіз. Оған дәлел – «егер сіздерге бір пасық адам келіп бір мәлімет айтса, сол мәліметті тексермей іс жасама» деген Алланың бұйрығы бар.

Дін мәселесі бүгінгі күні мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «имамдардың біліктілігін көтеру керек, олар заманауи білімді де игерсін» деп талап қойған болатын. Қазір имамдарымызға арналған көптеген бағдарламалар ұйымдастырылған. Олар жыл сайын жаңарып отырады. Біздің бір кемшілігіміз – жоғары білімді маманның жетіспеуі. Елімізде «Нұрмүбарак» университеті және 9 медресе жұмыс істеуде. Бұл медреселер арнайы құжаттандырылып, колледж дәрежесіне ие болды. Одан бөлек бірқатар оқу орындарында биылдан бастап дінтану және тарих мамандығы ашылмақ. Осыған қызығатын ұл-қыздарыңыз болса, оқытуларыңызға болады, – деді Арман Баймағамбетұлы.

Кездесу барысында теолог маман жастарға көптеген тағылымы мол уағыз-насихаттар айтып, отбасындағы ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасы, ажырасу себептері, қыз баланың тәрбиесі, халықты имандылыққа шақыру, ынтымақ-бірлікті сақтау туралы да сөз қозғады.

Аталмыш іс-шараның соңында жастар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, белгілі ұстаздан жан-жақты жауаптарын алды.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.