ҚОС ЖАРЫСТАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Сәуір айының басында Ақтөбе қаласында жекпежек сайысынан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 2000-2005 жылдары туылған ер балалар мен қыздар қатысты. Аталмыш жарыста Қарағанды облысынан жалпы 40-қа жуық жасөспірім бақ сынасты. Оның ішінде 10-ы – сәтбаевтық спортшылар.

Жыл сайын өткізіліп тұратын бұл жекпе-жек сайысының негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оларды қайратты да шымыр етіп тәрбиелеу, сондай-ақ, алда өтетін Азия біріншілігіне спортшыларды іріктеу болды.

Әр аймақтан келген спортшылар бірнеше күн бойы өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарды сарапқа салды. Сәтбаев қаласының намысын жаттықтырушы Нұрқанат Қуанышбековтың тәрбиеленушілері қорғап, үздіктердің қатарынан табылуға барын салды. Сонымен, сайыс нәтижесінде 42 келі салмақ дәрежесінде Азамат Шакиров І орынды, 55 келіде – Бақдәулет Аб- дуали, Қуандық Сеилжанов, Ілияс Сламбек ІІІ орындарды иеленіп, мамыр айының 12-14 аралығында Тәжікстанда өтетін Азия біріншілігіне жолдама алды.

Осыдан соң, сәуір айының ортасында Қарағанды қаласында мамыр айының 22-24 күндері Ресейде өтетін жекпе-жек сайысынан Әлем біріншілігіне іріктеу жарысы өткен болатын. Оған кеншілер қаласынан аталмыш бапкердің дайындаған 8 спортшысы қатысып, әр түрлі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қорытындысында, І орынды – Азамат Шакиров (42 кг), Бахтияр Игибаев (50 кг), Елдос Қасым (62 кг), ІІ орынды – Бақдәулет Абдуали (55 кг), Мадияр Сексенбаев (50кг), Анатолий Миселев (38 кг) иеленді. Барлық жеңімпаздарға медальдар мен Дипломдар табысталды.

Марал ШАХАЕВА. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.