ОТБАСЫ САЙЫСЫ ӨТТІ

Балабақша мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты орнату, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту мақсатында қаламыздағы №5 «Нұрбөбек» балабақшасында «Біз – мейірімді отбасы» атты спорттық сайыс өтті.

Дене шынықтыру нұсқаушысы Ләззат Жұманованың жетекшілігімен өткізілген бұл іс-шараға ортаңғы және ересек топтардың балалары өз ата-аналарымен қатысты. «Салауатты өмір салты отбасынан басталады» демекші, бұл сайыста ата-аналар спорттық ойындар арқылы өз балаларын денсаулықты нығайтуға үгіттеп, төзімділікті, жылдамдық пен ептілікті қалыптастыруға тәрбиеледі.

Сайыс «олимп алауы», «шаңғышылар», «ыммен түсіндіру», «қаппен секіру» және «болашақты бірге болжайық» деген бес бөлімнен тұрды. Мәселен, қаппен секіру бөлімінде команданың барлық мүшелері белгіленген жерге дейін қаппен секіріп барып, қайта айналып келсе, «ыммен түсіндіру» бөлімінде қатысушылар берілген тақырыпты бір-біріне ымдау арқылы түсіндірді. Бұл бөлімде сайыскерлердің ымдап түсіндіру шеберлігі мен дұрыс жауаптарын тауып айтулары ескерілді.

Аталған жарыс бөлімдерінде әрбір отбасы өз топтарының ұрандарын айтып, жарысты көңілді күйде, жоғары деңгейде өткізді. Қызықты әрі тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Жакуповтар отбасы, ІІ орынды Бәрменқұл отбасы, ІІІ орынды Русланұлы отбасы жеңіп алды. Сайысқа қатысқан барлық командаларға Құрмет грамоталары мен естелікке ойыншықтар табысталды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.