Аймақтың даму қарқыны жалғаса бермек

Өткен аптада Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов бастаған бір топ облыстық мекемелердің басшылары мен орынбасарлары Жезқазған қаласына іс-сапармен келді. Облыс әкімінің бұл сапары – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының қысқы жылу беру жұмыстарын пысықтау мен Үкімет қарауында жатқан Жезқазған аймағының 2011-2015 және де 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарымен таныстыру.

Осыған орай, Жезқазған қаласының әкімдігінде облыс әкімінің қатысуымен келелі жиын өтті. Жиынға «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай, Сәтбаев қаласының әкімі  Советбек Медебаев, Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаров қатысты.

– Өздеріңіз білетіндей, мамыр айының 25-і күні Үкімет отырысында Жезқазған аймағын дамыту жайы сөз болып, күн тәртібіне қойылды. Отырыста осы өңірдегі түйіткілді мәселелер  талқыланып, аймақты дамытудың кешенді жобасы талқыға салынған болатын. Тұрғындардың талап, тілектері ескерілген жоба іске асатын болса, Жезқазғанның даму үрдісі жалғаса бермек, – деп бастады жиынды облыс әкімі.

Жүз жетпіс мың халқы бар Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының болашағын нығайтуды көздеп отырған 8 тараудан тұратын кешенді жоба аясында атқарылатын жұмыстарды облыс әкімінің орынбасары Төлеутай Рахымбеков баяндады.

– Осы жобаны іске асыруда 26 мамырда құрамында екі қаланың және де Ұлытау ауданының  активтері бар жұмыс тобы құрылды. Екі рет іс-сапармен Жезқазғанда болып, жобаны талқылауға арналған жиын өтті. Жалпы құны 93 млрд.063 млн.теңгені құрайтын жұмыстарды атқару көзделіп отыр. «Қазақмыс» корпорациясы мен «Қазгеология» ұлттық компаниясы бірлесе отырып, минералдық-шикізат көзін анықтауға, өндірісті дамытуға күш салынбақ. Өндірістік аймақта жаңа жұмыс орындарын ашу, тігін өнеркәсібін, құс фабрикасын ашу жобалары мен ТКШ-ны модернизациялау, Жезқазғанға «Қожамсейт» суын жеткізу, тұрғын-үй құрылысы, тасжол мен теміржол қатынастарын қалыпқа келтіру мәселелері, сондай-ақ,  аймақтың әлеуметтік құрылымын жақсарту, экологиялық жағдайлар мен Ұлытау ауданын «Ұлытау – Ел»  кешенді жоба аясында туристік аймаққа айналдыру жоспарлануда,– деді баяндамашы.

«Қазақмыс» Корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Талғат Аханов кешенді жоспарды дамытуға корпорация тарапынан қандай жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Т.Аханов бұл орайда корпорация геологиялық барлау жұмыстарына қаражат бөлетіндігін, академик Қ.И.Сәтбаев болжамдарының әлі де толық зерттелмеген тұстарын зерттеуге мән берілетіндігін, кен көзі бар деген аумақтарға бұрғылау жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.

Жезқазған қаласы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мырқы Ақпанбетов жобада көрсетілген ақсақалдардың талап, тілектері ескерусіз қалмауын сұрап, облыс әкіміне талап, тілектері жазылған хатты тапсырды.

Жобада көрсетілген басты мәселе – Жезқазған жылу беру орталығын модернизациялау бойынша «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС энергетика жөніндегі басқарушы бастығының орынбасары Нұрлан Елмұратов 2011-2015 жылдар аралығында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.  Баяндамашының сөзіне сүйенсек, жылу беру орталығын модернизациялау, қайта құрылымдау, тарифті көтеру корпорацияның инвестиция салуының негізінде жүзеге аспақ. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жылу, электрстанциялары мен жылу жүйелерінің алдағы қысқы мерзімге дайындығы жөнінде корпорацияның жылу, электрстанциясы департаменді өндіріс жөніндегі директоры Мәди Әбішев және де басқа жауапты мамандар  атқарылып жатқан жұмыстар мен орын алып отырған жәйттерді баяндады.

Соңғы жылдары Жезқазған жылу беру орталығында авариялық жағдайлардың орын алып жүргені белгілі. Осы бағытта кәсіпорынның жұмысын жандандыруда тарифті көтеру керектігі айтылып жүр. Алайда, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың жағдайы басты назарға алынып, тарифті бірте-бірте көтеру қолға алынбақ.

– Бұл жұмыстар асығыс жүзеге асырылмауы керек. Тарифті көтеру кезең-кезеңмен жүзеге асса халыққа да, міндетті атқарып отырған кәсіпорынға да тиімді болмақ, – деді табиғи монополияларды реттеу департаментінің директоры Серік Төрегелдин.

– Елбасы  Н.Ә.Назарбаев Жезқазған аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсуін назардан тыс қалдырған емес, қалдырмайды да. Менің жолдаған хатым бойынша үкімет басшысына тапсырма беріп, өңірдің дамуына тікелей қатысы бар шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Маусым айының соңында осы талқыланған кешенді жоспар үкімет басшысына жолданады. Ендігі кезде осы жұмыстардың жүйелі жүруіне қала, аудан әкімдері мен құзырлы мекеме, ұйым өкілдері бірігіп жұмыс жасау керек. Сонда қолға алған игі іс аймақта көрініс таппақ, –   деді облыс әкім Серік Ахметов сөзін қорытындылап.

Жиын соңында облыс әкімі С.Ахметов пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай «Қазақмыс» Корпорациясы»  ЖШС жылумен сумен жабдықтау кәсіпорынының шығынсыз еңбек ету мүмкіндігіне жеткізіп, қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық келісімге қол қойды. Құжат коммуналдық қызметтің жақсарып, тұрғындардың тұрақты әрі сапалы жылумен қамтылуына мол мүмкіндік жасамақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.