Көптілділік және балабақша

Қазіргі қоғамда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру адамның жеке және кәсіби қызметінің ажырамас бөлігіне айналуда. Балаға тілдерді ерте жастан меңгерту оның интеллектуалдық қабілетін дамытуға ғана оң ықпалын тигізіп қоймай, оны ұлт тіліне бейімдеуге, бойында өзге мәдениет өкілдеріне деген сыйластық, төзімділік сезімдерін тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік дамуына септігін тигізіп, оның шығармашылық ой өрісін қалыптастырып, оқылатын материалды жетік меңгеруіне көмек береді.

Тілдік дамудың табысты болуының бірден-бір шарты – тілдерді үйретудің толық жүйесін ұйымдастырып, оның тұрақты түрде қызмет атқаруын қамтамасыз ету. Жалпы ресми түрде халықаралық тіл мәртебесін иеленген ағылшын тілін оқуға деген қызығушылық бұрыннан дамыған. Мектепке дейінгі балалардың ата- аналары осы тілдің оқытылуын қабылдап, оны балаларына үйретуді ерте жастан бастауға талпынады. Осыны ескеріп педагогтарымыз оқыту үрдісін сауатты түрде ұйымдастырып, оны оңай әрі айшықты етіп өткізіп, балаға неғұрлым қызықты қылып оқытуға тырысады.

Балалар бақшасының әдістемелік жоспарында балаларға қандай тілді үйретсек, сол елдің мәдениетімен танысу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты балабақшада қосымша лингвистикалық бағдарламалар жасалды: «Ручеек», «Өнерлі саусақ», «Англия еліне саяхат». Қазақ тілін, орыс тілін оқыту бойынша да негізгі сабақтармен қоса, тілдерді меңгертудің жаңа мүмкіндіктерін ашатын үйірме жұмыстары ұйымдастырылған.

Тілдік дамуға ортаны жақсарту ыңғайы арқылы жол ашудың бастауын біз Отан рәміздерін құрметтеуден көреміз. Балабақшадағы жабдықталған тілдер бөлмесі арқылы тәрбиеленушілерді ұлттық патриотизмге, Отанын сүюге, салт-дәстүрлерді білуге, олардың маңыздылығын түсінуге құрмет сезімдерін қалыптастырудамыз.

Дәстүрлі сабақтар көп­мә­дени және көптілді іс-шаралармен ықпалдастырылып, оларға балалар да, ата-аналар да, педагогтар да белсенді қатысады. Педагогтарымыз балалардың музыкалық ойындарға, ертеңгіліктерге, театрландырылған қойы­лымдарға қатысып, музыка тыңдауға, көркем сөзді оқып қана қоймай, оның мағынасын түсініп айтуына қызығушылығын оятуға ықпал етеді. Балабақша бүлдіршіндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылған сахналандырылған музыкалық қойылымдары – осының жемісі.

Көптілділік білім – көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Үштілділік бастауын балабақшадан алған балалардың болашағы жарқын болып, келешекте көптеген жетістіктерге жететіндігіне сеніміміз мол.

Ж.Кунпеисова, №5 «Нұрбөбек» балабақшасының әдіскері.

Комментарии закрыты.