«Қорғаныс қуатымызға әлем тәнті»

***

Осыдан 25 жыл бұрын 7 мамыр күні Елбасы, Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыдан кейін еліміз өзінің дербес әскерін құрып, оған биыл 25 жыл толды.

Осы жылдар ішінде әскеріміз шыңдалып, қанатын қатайтып, айбыны асқақтай түсті. Мереке қарсаңында біз Сәтбаев қаласының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы, подполковник Руслан Шакерхановқа жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Руслан Нүсіпханұлы, әңгімені Қарулы күштеріміздің құрылу тарихынан бастасақ…

– 1991 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы шықты. Ал, 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, ол «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп анықтады. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник С.Қ. Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды.

– Қарулы күштердің негізгі міндеттеріне не жатады?

– Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді атқарады. Сонымен қатар, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды.

Республика Қарулы Күштерiне бейбiт кезеңде әскери күштi, жауынгерлiк даярлықты қамтамасыз етiп, басқару органдары мен әскерлердi, ел iшiндегi қақтығыстарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында немесе аумағының шегiнде туған кез келген заңсыз қарулы күш көрсетудi тұмшалап, тойтара алатын деңгейде ұстау; әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ, мемлекеттік шекараның жедел-стратегиялық тұрғыда маңызды өңiрлерiн жабу; маңызды әскери нысандарды күзету; елдiң кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөнiндегi батыл iс-қимылға әзiр болу; халықаралық мiндеттемелерге сәйкес бiтiмгершiлiк және өзге де операцияларға қатысу жүктелген.

– Бүгінгі кезде Қазақстанның әскери потенциалы қандай?

– Қазір Қазақстанның  қуатты Қарулы Күштеріне әлем елдері де тәнті. Өйткені, бірегей мемлекеттік әскери-техникалық саясатты жүзеге асыруда халықаралық ынтымақтастық пен бітімгерлікті ұстанатын елдің сап түзеген әскеріне, оның жауынгерлік іс-қимылы мен әлеуетіне әр түрлі оқу-жаттығулар мен шараларда көздері жетіп жүр. Мәселен, жедел ден қоятын ұжымдық күштерді құру жөніндегі Келісімге қол қойылғаннан бері (2009 жылғы 14 маусымда) ұйымға мүше мемлекеттердің жетекшілері халықаралық жаттығуларға бірге қатысып жүр. Осы орайда Қазақстан Республикасының аумағында өткізілген алғашқы «Бейбіт миссия-2010» террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуын мақтанышпен айта аламыз. Бұған Қазақстанның кең көлемді халықаралық жаттығуларды өткізуге қолайлы материалдық базасы мен заманауи техникамен жабдықталған Қарулы Күштері себеп болғаны анық.

– Осындай бірлесіп өткізген оқу-жаттығулардың нәтижесі қандай?

– Еліміздің әскерлері халықаралық ынтымақтастықпен өзара тәжірибе алмасу мақсатындағы «Өзара іс-қимыл», «Мызғымас бауырластық», «Дала қыраны», «Жауынгерлік ынтымақтастық» және тағы басқа да бірлескен оқу-жаттығулардан да көзге көрініп жүр. Мысалы, «Өзара іс-қимыл – 2015» бірлескен оқу-жаттығуында қазақстандық әскери қызметшілер үшінші орынды иеленді. Ал, былтырғы жылы «Мәңгілік ел» тұғыры – Қуатты Армия» ұранымен, дабылмен қызу басталды. Алдағы уақытта да әскерилерді түрлі оқу-жаттығулар мен халықаралық сайыстар күтіп тұр. Қазір жауынгерлік даярлықтың сапасын арттыруда әскери қызметшілердің классикалық жауынгерлік іс-қимылдарына ден қоюға, таулы және елді-мекендердегі қорғаныс, шабуылдау, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуге, тау ішінде жаяу жүріс марштарын жасау, қыста шаңғы тебуге, стратегиялық, жедел-тактикалық және тактикалық оқу-жаттығуларда шыңдала түсуге аса мән берілген.

– Мереке қарсаңындағы тілегіңіз.

– Әріптестерімді және қала тұрғындарын 25 жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Осыған дейін талай белестен өтіп, талай қамалды алған Қазақстан Армиясы одан әрі қуатты және кәсіби әскер ретінде нығая түсуіне тілектеспін.

Сұхбаттасқан Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.