Жан жарасы

Ол кезде біз Әбдікәрім көкемнің үйімен көрші тұратынбыз. Ол кісінің мен қатарлы Қанат және менен бірер жас үлкендігі бар Мейрам, Мейрамхан деген балалары бар. Әрі туыс, әрі көрші болған соң бірге ойнаймыз.

Бірде Әбдікәрім көкемнің үйіне жете бергенім сол еді, үш ұл жын қуғандай үйден атып-атып шықты. Олардың ізін ала көкем де көрінді. Әшейіндегі жүріс жоқ. Қолтығындағы балдағын алға лақтыра тастап бір-екі аттағанда көкем менен арқан бойы озып кетті. Ұлдарына жете алмасын сезді ме, қолындағы балдағын бар күшімен лақтырды. Өзі де гүрс етіп құлады. Жерде қалш-қалш етіп жатқан көкемді көргенде зәрем зәр түбіне кетті. Сонда ғана байқадым, сол аяғы тізеден жоғары жоқ екен. Бұрын протезбен жүрген соң байқамасам керек. Әлгі шолақ аяқ селк-селк етіп тоқтар емес. Үрпиіп тұрған мені көрген Әбдікәрім көкем қыр ете қалды. Әлде маған солай естілді ме, ол кезде байыбына бара алмадым.

– Нағып тұрсың сілейіп, ана балдағымды жеткіз, – деді қаһарлы үнмен. Мен қорқып тұрсам да балдақты әкеп бердім…
Осы бір оқиға көпке дейін менің көз алдымнан кетпей қойды. Болған жайды апама айттым.

– Ей, балам-ай. Бәрі қу соғыстың кесірі ғой. Көкең не көрмеді дейсің?! О дүниеге барып оралған жан емес пе. Соғыстан кәнтөжін болып келді ғой, – деп апам өзі білетін әңгімені айтқаны бар.

Сөйтсем Әбдікәрім көкем небір жантүршігерлік шайқасты көрсе керек. Ондай айқас әсіресе Сталинград түбінде болған екен. Себебі, осы өңірді алу үшін Гитлер арнайы жоспар жасап, орасан күш жұмсаған. Қаланың әр қадам жеріне бола жан беруге әр жауынгер дайын еді. Сондай бір кескілескен ұрыс кезінде дәл қасынан жарылған снаряд Әбдікәрім көкемнің сол аяғын тізесінен жоғары жұлып түскен екен. Үйілген топырақтың астында қалған көкемді жауынгерлер ұрыс аяқталған соң ғана тауып алған. Денесінде сау тамтығы жоқ, бастан да жарақат алған жауынгерді адам болады деп ойламаса керек. Бірақ, көрер жарығы бар екен. Жарымжан болса да елге оралған.

Иә, ол соғыс атан жілік талай аптал азаматтарды жер жастандырды, қыршынынан қиды. От пен оқтың арасынан тірі қалғандардың қатарында менің әкем де бар. Ол да соғыс мүгедегі. Оқ әкемнің оң тізесінің ұршығын талқандап өткен… Менің білетінім осы ғана. Біз Ұлы Отан соғысы жайлы көп оқып, кинодан көріп, естіп өскен ұрпақпыз. Бірақ, сол соғысты өз көзімен көрген, жан-тәнімен сезген адам қасымда болса да жарытып әңгімесін тыңдаған жоқпын. Өйткені, әкем соғыс туралы айтқысы келмейтін. «Оны қайтесің, құдай сендерге көрсетпей-ақ қойсын» дейтін де қоятын. Сол сәтте түнере қалып, бір суық үнсіздік орнағандай болатын. Одан әрі әкеме бірдеңе деуге батылым бармайтын. Себебі… себебі түсінікті сияқты… Соғыс әкемнің жалындаған жастық шағын ойран етті. Екі айналып келмейтін адамның қысқа өмірінің ең бір шырын шағында азап көрді. Көз алдында жаңа ғана арқа-жарқа жүрген қанды көйлек дос-жолдастарының бірінің басы ұшып түсіп, бірінің қол-аяғын жұлып кетіп жатыр, қызыл-жоса қан, қасіретті ойран, баудай қырылған адамдар… Мұндайды айтуға ерін де илікпейді. Еске түсіргеннің өзінде жаның ауырады. Бұл еш емі жоқ, дауасы қиын жан жарасы емес пе…

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.