Рейхстагты алу тарихи оқиғасы жаңғыртылмақ

Облыс орталығында Жеңіс күні қарсаңында Рейхстагты жаулап алу туралы ауқымды қойылым ұйымдастырылады. Бір күнге Жаңа Майқұдық Мәдениет үйі таңдалып алынды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз орталығы.

Мамандардың айтуынша, Мәдениет үйінің қасбеті бүркеме тормен қапталып, оған сынған әйнектер мен оқтың іздері бейнеленген банерлер орнатылады. Жапсырма әшекейлердің орнында ғимараттың фронтонында свастика орнатылады. Сценарийге сәйкес оны шабуылға шыққан сарбаздар жасағы қиратуы керек. Солдаттардың рөлін қарапайым қарағандылықтар орындайды.

– Біз әлеуметтік желілерде хабарландыру жаздық, – дейді Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің директоры Айгүл Дементьева. – Қойылымға қатысамын деушілер өз ниеттерін білдірді. Бізде сөзбе-сөз жазылған нақты сценарий жоқ. Демек, барлығы шынайы квест түрінде өтпек. Бастапқыда тапсырма және алғашқы нұсқаулар береміз. Оны кім, қалай орындайтынын қатысушылар өздері келісіп, шешулері тиіс. Олар өздеріне қажетті форманы өз күштерімен дайындап жатыр. Біреулері киімді тіктіртсе, тағы бірі таныстарынан іздеуде. Бізге түрлі иедяларды да өздері ұсынып жатқандар бар. Ең қиыны – әскери форма табу. Себебі, 9 мамыр қарсаңыда ондай киім-кешек барлығына керек. Сондықтан, ешкім уақытша форманы бере алмайды. Біз тіпті «Қазақфильммен» де хабарластық. Алайда оларда қазір фильм түсіріліп жатыр екен, әскери киімдерді бере алмаймыз деді. Сондықтан әркім өз бетінше іздестіруде.

Әзірге ұйымдастырушылар мен қатысушылардың бірінші кездесуі ғана өтті. Басқосуда «солдаттарға» қандай тосқауылдар дайындалып, олардан қалай өту керектігі талқыланды. «Кеңес» және «фашист» әскерлері әрқайсысы бөлек дайындалуда.

– Неміс әскерилерін Ауған соғысына қатысқан нағыз солдаттар ойнайды, – дейді 26-шы сайлау округінің депутаты Төлеген Әшімов. – Олар бос оқтармен оқталған кәдімгі қарулардан атады, сонымен бірге олармен қол жекпе-жегіне түсу керек.
Қатысушылар рөлдерді бөліп, жасайтын әрекеттерінің жоспарын құрды. Қазірдің өзінде олар ойынды жан-тәнімен беріліп ойнау керектігін түсінеді. Себебі, ең қатал көрермендер — ардагерлер болады.

Әрекеттердің шынайылығын арттыру үшін алаңда түтіндеп тұрған танк қойылады деген жоспар бар. Сарбаздарға сигнал ракеталары мен түтін шығаратын құтыларды қолдану керек болады.

Әскери қойылым 8 мамыр 11:00 Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің алаңында өтеді. Шараны кез-келген адам көре алады. Қойылым аяқталғанша Магнитогорская көшесіндегі жолда автокөлік қозғалысы шектетілмек.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.