Сот БАҚ сайысын өткізеді

Жезқазған қалалық соты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен брифинг өткізіп, күн тәртібіне үш мәселе шығарды: «2011 жылдың 5 айында атқарылған сот төрелігін қорытындылау», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қарағанды облыстық соты мен Жезқазған қалалық сотының ұйымдастыруымен журналистер арасында өткізілетін сайыс ережесі туралы» және «Сотта атқарылып жатқан жаңа жұмыстар».

Осы мәселелерге байланысты судья Л.Баян және сот аппаратының жетекшісі А.Доскеев ақпарат жасап, ойларымен бөлісті.

Жезқазған қалалық сотымен үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін 1124 азаматтық іс қаралған. Апелляциялық тәртіпте 5 шешім бұзылып, 10 іс бойынша шешімдері өзгертілген. Аталған мерзімдегі апелляциялық және қадағалау тәртібі бойынша бұзылған және өзгертілген шешімдер саны жалпы шығарылған шешімдердің 2,1 пайызын көрсетеді. Ағымдағы жылдың 5 айында сотпен барлығы 137 қылмыстық істер қаралып, 50 іс бойынша айыптау үкімі шығарылған. 82 айыпталушы сот үкімімен сотталып, оның ішінде ауыр қылмыстар бойынша 17 үкіммен 40 адам сотталған. Бас бостандығынан айыру жазасымен 20 адам сотталып жазаланған. Апелляциялық тәртіпте қаралған қылмыстық істер бойынша, қылмыстық заңнаманың өзгеруіне байланысты 1 үкім бұзылып, 2 үкім өзгертілген. Сондай-ақ қалалық сотпен аталған мерзімде қамауға алу бұлтартпау шарасы туралы 35 іс қаралып, 34 іс бойынша бұлтартпау шарасы қабылданған.

«Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының» Қарағанды филиалы және Қарағанды облыстық сотының баспасөз орталығы бұқаралық ақпарат құралдары журналистері арасында сот жұмысы және судьялар туралы ақпараттық ең үздік материал бойынша шығармашылық сайыс өткізуді жоспарлап отыр. Сайыстың негізгі мақсаты – сот реформасын, сот билігі мен сот имиджі, судья мамандығының мәртебесін көтеретін, азаматтардың сот әділдігіне деген еркін көзқарастарын білдіретін, олардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сот жүйесі туралы хабарларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен тарату.

Бес номинация бойынша өткізілетін сайысқа түсетін материалдар сот және судьялар жұмысы туралы сюжеттер, талдау құжаттары, сұхбаттар, жарияланған мақалалар түрінде 15 маусым мен 15 тамыз аралығында жариялануы керек.

Кездесуді қорытындылай келе сот төрағасымен істерді қарау сапасын жақсарту мақсатында тәжірибелі судьялардан іріктелген арнайы жұмыс тобын құру туралы өкім қабылданды. Бұл жұмыс тобы қажеттілікке орай кеңестер өткізіп, күрделі, даулы істер бойынша сот тәжірибесіне қатысты мәселелерді шешу сұрақтарымен айналысатын болады.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.