Жезқазған өнерпаздары Сәтбаевта

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, іргелес жатқан қос қаланың әкімдері Советбек Медебаев пен  Берік Әбдіғалиұлының тың бастамасымен жаңа мазмұндағы іс-шара қолға алынған болатын. Жақында Сәтбаев қаласының өнерпаздары жезқазғандықтарды  қуантып қайтқан болатын.

Өткен сенбі күні Жезқазған қаласының өнерпаздары біздің қалаға келіп, өздерінің концерттік бағдарламасымен қала жұртшылығын бір серпілтіп тастады.

Бұл концерттік бағдарлама Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына орай С.Қожамқұлов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлері қойған Р.Ибраеваның «Ей, тәкәппар дүние, маған да бір қарашы» атты моноспектаклінен басталды.

Спектакльді тамашалаған жұртшылық ақынның жастық, студенттік шақтары мен соғыс жылдарындағы өмірінен мағлұмат алды. Ақын өмірін толық ашып көрсете білген театр артистеріне көрермендер ықыласы мол болды. Небары 44 жыл қана ғұмыр кешкен ақын артында талай өлмес құнды дүние қалдырды. Сол мұраларын театрдың шебер сомдаушы артистері халық жүрегіне жеткізе алды.

Қойылым соңында С.Қожамқұлов атындағы қазақ сазды-драма театрдың директоры Досжан Жанботаев сәтбаевтықтарға алғысын білдірді.

Одан кейін көпшілік Кеншілер алаңындағы концерттік бағдарламаны тамашалады. Кешкілік өткен бағдарламаға қос қаланың әкімдері Берік Әбдіғалиұлы мен Советбек Медебаев, олардың орынбасарлары, мекеме басшылары қатысты.

Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.Мәдиева мен ҚР халық артисі Досжан Жанботаев сәтбаевтықтарды Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтап, оң іске ұйытқы болған қос қаланың әкімдеріне ризашылықтарын білдірді.

Марат Шоқтаев жетекшілік ететін «Жезқазған маржандары» ардагерлер хоры кештің шымылдығын ашып, бірнеше әндер орындады. Халықаралық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары «Нұрсәулем-ай» үлгілі хореографиялық ансамблі мен «Шашу» халықтық би ансамблі, «Аэлита» би тобы мың бұрала би билесе, Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншілері Құндыз Әшірбекова, Гүлжанат Болман, Гүлдаурен Жидебаева, Асхат Сағындықов, Лейлә Бекбалакова, Зәуре Омаровамен қоса жас әншілер Нұржан Есенов, Самат Шонова, «Күміс қоңырау» байқауының жеңімпазы Дильназ Мейрамова ел, Отан, туған жер, махаббат туралы әндер орындады.

Концерттік бағдарлама көңілді өтті. Алаңға жиналған жұрт әуезді әннің ырғағына қосылып би билеп, бір жадырап қалды.

Әсерлі өткен кештің шымылдығы Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншісі Береке Көшеновтің орындауындағы «Жезқазған маршы» әнімен жабылды. Бірлігі жарасқан қос қаланың арасындағы достықты, татулықты танытқан бұл іс-шара келешекте де жалғасын табады деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.