Білім ошағындағы кездесу

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы жылғы Жолдауында «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деген болатын. Осыған орай, №7 жалпы білім беретін орта мектептің қабырғасында қалалық ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшелері мен мектеп ұстаздарының қатысуымен жиын өткізілді.

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа кезекті Жолдауын талқылауға арналған жиынды «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев ашып, жүргізді. Жолдаудың білім саласына қатысты мәселелері төңірегінде қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева баяндама жасады.
– Президентіміз биылғы Жолдауында да көптеген өзекті мәселелерді қозғап, бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Жолдауда көрсетілгендей, қазақстандық білім берудің басты міндеті – білім арқылы бәсекеге түсу. Яғни, адами капиталды сапалы дамытуда әлемдік деңгейдегі білім беру жүйелерін қалыптастыру керек. IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту және үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу қажет.

Сонымен қатар, биылдан бастап Елбасының бастамасы бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Аталмыш жоба аясында тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылады. Кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындалады. Елбасы алдымызға қойған осындай міндеттерді орындауға бәріміз бірдей атсалысуымыз керек, – деді Гүлсім Пазылқызы.
Жиын барысында №19 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Амангелді Құрақбаев сөз алып, еліміздің жаһандық дамуына жастардың қосар үлесі жайында ойын ортаға салды. Кездесуге қатысушылар Елбасы жолдауын бірауыздан қолдайтындықтарын танытты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.