Ұлытаудағы қос мереке

Ұлы Жеңіс мерекесін Ұлытау ауданының жұртшылығы да бар сән-салтанатымен атап өтті. Бұл күні ардагерлерге құрмет пен қошемет көрсетіліп, олардың ерлігі дәріптелді, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз орталығы.

9 мамыр – Жеңіс мерекесіне арналған іс-шара «Таңбалы тас» саябағындағы «Ер есімі – ел есінде» атты мемориалдық кешен жанында басталды. Мұнда аудан әкімі Әнуар Омар мен селолық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шабаз Смайлов жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтаса, аудан орталығындағы мұсылмандар мешітінің бас имамы Темірхан Андақұлов майдан даласында шейт болған жерлестерімізге арнап құран бағыштады.

Бұдан соң жұртшылық мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды. Одан әрі мереке орталық алаңда жалғасты.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ұлытауда тағы бір айшықты шара өтті. Ол Отан қорғаушылар күніне арналды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл шара дала әскери-спорттық сайысымен ерекшеленді.

«Тас Бұлақ» спорт алаңында өткен дала әскери-спорттық ойындарына аудандық мекеме, бөлім қызметкерлерінен құрылған 6 рота қатысты. Олардың әр қайсында 20-дан жауынгер болды.

Дала әскери-спорттық сайыс әскери жаттығудың 6 түрінен өткізілді. Жауынгерлер 3 шақырым қашықтыққа жүгіріп, турникке тартылып, граната лақтырды. Қаруды уақытқа бұзып, жинап, нысана көздеді. Соңында арқан тартысып күш сынасты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Комментарии закрыты.