Ардагерлерге құрмет көрсетті

Қала әкімі Асқар Ыдырысов «Керемет» тойханасында Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерін жинап, дастархан жайды. Тоқсанды алқымдаған ардагерлерге арналып соғыс жылдарындағы әндер шырқалды, би биленіп, жиналғандарға керемет көңіл-күй сыйлады.

«Жастық шағы сұрапыл соғыспен қатар келген кешегі солдат, бүгінгі ардагер қарт еш нәрседен қамықпайды. Біз оларға қолдан келген қамқорлықтың бәрін жасаймыз. Келер ұрпақ үшін олардың ерлік істері мен ерен еңбектерін әр кез үлгі ететін боламыз». Мерекелік дастархан басына жиналған ардагерлерді құттықтаған қала әкімі Асқар Ыдырысов осылай деп ағынан жарылды. Қала басшысының сөзін қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук те, облыстық мәслихаттың депутаты Төреқожа Тілемісов пен Сәтбаев қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Руслан Шакерханов та қуаттады.

Той дастарханының ресми бөлімінде қала әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шермұханбет Байбосыновқа, Әкбар Аманжолов пен Тоғай Дауылбаевқа ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Орайы келгенде айта кетейік, Ұлы Жеңістің 72 жылдығын Сәтбаев қаласы бойынша бар-жоғы бес-ақ ардагер қарсы алып отыр. Оның екеуі бүгінде төсек тартып жатқандар…

Ұлы Отан соғысының ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шермұханбет Байбосынов жауынгер құрдастарының қатары сиреп қалғанына қамығатынын білдірді. «Қалада ең алғаш ардагерлер кеңесі құрылғанда біздің қатарымызда мыңдаған майдангер бар еді. Отыз жылдың ішінде солардан бес-ақ адам қалыппыз. Бірақ, біздің ізбасарларымыз, бүгінгі ұрпақ бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Ендеше, біздің өміріміздің босқа өтпегені», – дейді ардагер аға көзіне жас алып.

Қала әкімі жайған салтанатты дастарханға соғыс ардагерімен бірге тыл еңбеккерлері, ауған соғысының ардагері мен Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан жерлестеріміз де келді. Олар да ардагерлерге деген ақжарма тілектерін жеткізіп, мерекелерімен құттықтады.
Жиыннан көтеріңкі көңіл-күймен қайтқан ардагерлер бірін-бірі қимай қоштасты. Ал, келе алмағандарға қала әкімінің сәлемдемесі бірер күнде жетеді дейді ұйымдастырушылар.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.