Әлжановтар әулеті сегіздің ішінен суырылып шықты

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық – «Қазақстан – 2050» стратегиясының ең басты мақсаттарының бірі. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы үшін, әрбір некенің мызғымас берік болып, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз» деген болатын. Осыған орай, 2013 жылдан бастап Елбасының өкіміне сәйкес елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді.

Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған аталмыш конкурс қалалық, облыстық және республикалық үш кезеңнен тұрады. Қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, адамгершілік пен рухани сезімді нығайтуға жол ашатын бұл байқаудың қалалық кезеңі жақында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Сәтбаев қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен және Жезқазған қаласының «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйым­дастыруымен өткізілген іс-шараға 8 отбасы қатысты. Орайы келгенде айта кетейік, ұлттық байқауға қаламызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері тарапынан да қызығушылықтар байқалуда. Оған дәлел ретінде биылғы байқауға Колотенко отбасының қатысуын айтуға болады.

Байқауға қатысқандардың өнерін қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина төрағалық еткен арнайы комиссия мүшелері бағалап отырды.
Сайыс барысында көрер­мендер назарына қатысушы отбасылар жайында түсірілген бейнероликтер ұсынылды. Одан әрі отбасы мүшелері сахна төрінде өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетті. Сол арқылы үміткерлер еңбектегі, спорттағы, шығармашылық және ғылым жолындағы жоғары жетістіктерін жеткізуге тырысты.

Сайыстың қорытындысында, байқаудың І орнын Әлжановтар отбасы жеңіп алды. Отағасы Жалғас Әлжанов жұбайы Сәуле Ғайнетденқызымен бірге төрт ұл өсіріп отырған үлгілі шаңырақ. Қазіргі кезде үлкен ұлдары Ратбектен екі немере сүйіп, солардың қызығын көріп отыр. Отбасының әжесі Орал Баймағанбетова өзі өнерге жақын болғандықтан, немерелерін де ән айтуға баулып, тәрбиелеуде.
Байқаудың ІІ орын иегері болып Сайдалиновтар отбасы танылып, ІІІ орынды Әбдрашев пен Смайловтар отбасы өзара бөлісті. Басқа қатысушылар, атап айтқанда, Құрақбаевтар отбасы «Жүректер үйлесімі», Колотенко – «Спорттық отбасы», Марат – «Өнегелі отбасы», Сейтбековтер – «Өнерлі отбасы» номинациялары бойынша марапаттарға ие болды. Оларды «Мерейлі отбасы – 2016» конкурсы қалалық кезеңінің жеңімпазы, облыстық байқаудың дипломанты Әбеновтер отбасы – Боранбай аға мен Жұмакүл апай және алтын той иелері Рахметовтар отбасы – Нәбу аға мен Айша апа құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады. Байқауда бақ сынасқан барлық отбасыларға арнайы Дипломдар мен тұрмыстық техника заттары табыс етілді. Ал, «Мерейлі отбасы – 2017» ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпазы атанған Әлжановтар отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.

Марал Шахаева. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.