Турнир жеңімпазы – «Мегаполис»

Мамыр айының 6-7 күндері №16 жалпы білім беретін орта мектепте Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында «Дәстүрлі құндылықтар мен радикалды идеология» тақырыбында аймақтық дебат турнирі өтті. Оған қос қала – Сәтбаев пен Жезқазғаннан өз көзқарасын, пікірін дәлелдей алатын, белсенді мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.

Аталмыш пікірсайыстың мақсаты оқушылардың ой-өрісін, сөз байлығын дамыту, іздендіру, мәдениеттілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, дәстүрлі емес діни ағымдардың әсерін айқындап, жастардың арасында радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру болды.
Карл Поппердің құндылық және саяси форматтары үлгісінде өткізілген турнирде барлығы 23 топ өз ойындарын көрсетті. Олар бір-бірімен «Бұл палата діни экстремизммен тек мамандар ғана күресуі керек деп санайды», «Бұл палата жастардың батысқа еліктеуі ақталады деп санайды», «Бұл палата Қазақстан Республикасы діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресудің тиімді механизмін ұсынады» атты тақырыптарда пікір таластырды. Әр палатада, яғни, топта үш спикерден сайланып, олар өздеріне берілген тақырып бойынша ойларын ортаға салып, дәлелдеуге тырысты. Сұрақ-жауап және дайындық кезеңдеріне берілген уақытты тайм-кипер қадағалап, әрбір спикердің сөйлеу уақытының шеңберден шықпауын, әдептілік этикасын сақтауын бақылауға алып отырды.

Осылайша, қызу әрі тартысты өткен жарыста командалар өз араларында мықтыларды анықтады. Аймақтық дебат қорытындысы бойынша, ерекше басымдылық көрсеткен Сәтбаев қаласының №19 жалпы білім беретін орта мектебінің «Мегаполис» тобы І орынды жеңіп алып, чемпион атанды. Жүлделі ІІ орынды Жезқазған қаласының №11 мектептің «Ақиқат» тобы иеленсе, ІІІ орынды Жезқазған қаласының №1 мектебінің «Президент» тобы қанжығасына байлады. Ал, IV орынның иегері болып қаламыздағы оқушылар сарайының «Авангард» тобы танылды. Сонымен қатар, Гауһартас Нұрлан, Айдана Тобашева, Әсем Ашықбаева («Авангард» тобы), Камила Шохан, Айғаным Жүрсін («Президент» тобы), Камила Каденова («Мегаполис» тобы), Самал Октябрь («Лашын» тобы) сапалы ойындарымен көзге түсіп, турнирдің үздік спикерлері атанды. Екі күнге созылған бұл іс-шараға қатысқан барлық оқушылар және оларды дайындаған ұстаздар арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.