Ерлікке тағзым

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысушылар әдеттегідей қаланың орталық алаңына жиналды. Кейбірінің қолдарында соғыста қаза тапқан аталарының суреттері, кейбірінде гүл шоқтары бар. Алаңға арнайы қойылған орындықтарда шараның сәні болып соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және ауған соғысының жауынгерлері жайғасқан. Бір шетте қаламыздағы әскерилер мен полиция қызметкерлерінің бір тобы сап түзеп тұрды.

Алаңға жиналғандарды қала әкімі Асқар Ыдырысов «Жезқаз­ғантүстімет» өңдірістік бірлестігінің Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Тоғызбай Тәжбенов 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтады.

– Бұл күн –  еңбектің, ерліктің, бірліктің, даңқтың айқындалған күні. Бұл соғыс –  өзінің қайғы-қасіреті, зардабы  жағынан дүние жүзінде болмаған соғыс.

Құрметті соғыс ардагерлері, сіздердің ерліктеріңізді, еңбектеріңізді еш уақытта ұмытпаймыз. Сіздердің  алда­рыңызда басымызды иеміз. Сіздер жастарыңыз келгеніне қарамастан, халық арасында үлкен қоғамдық-саяси еңбек жасап жүрсіздер. Сіздер ел арасындағы бірлік пен ынтымақтың ұйытқысысыздар. Біз сіздерге денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, сіздерге көмек көрсетеміз, сіздерді қолдаймыз. Қанша дегенмен үлкенді сыйлаған қазақпыз. Біздің негізгі міндетіміз, мақсатымыз – әрбір соғыс ардагері еш уақытта елеусіз, көмексіз қалмауы керек.

Құрметті ардагерлер, жерлестер! Мереке күні құтты болсын! Барлықтарыңызға денсаулық, аманшылық тілеймін. Ең негізгісі, мұндай соғыс қайтып болмасын. Елімізде тыныштық, бірлік болсын. Еліміздің бірлігін бұзамыз деген адамдарға біз осы аталарымыз, апаларымыз сияқты ешқандай мүмкіндік бермейік. Қазақстанның тұтастығын, Қазақстанның болашағын әрі қарай дамыта берейік. Қазақстанның көк байрағы желбірей берсін! Қазақстанның абырой-беделі арта берсін! Ағаларымыз, апаларымыз аман болсын! Елімізде тыныштық заман болсын! – деді Асқар Абылайұлы өз сөзінде.

Салтанатты жиында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шермұханбет Байбосынов ардагерлерге осындай құрмет пен қошемет жасап жатқан азаматтарға алғыс сезімін білдірді.

– Сәтбаев қаласында қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан 5-ақ ардагер бар. Оның екеуінің өзі бүгінде төсек тартып жатыр. Соңғы бір-екі аптада соғыс ардагерлерінің телефонына тыным болмады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және банк қызметкерлері, кәсіпорын басшылары ардагерлермен сұхбаттасып, оларға сый-құрмет көрсетіп жатыр. Қала әкімінің өзі жүре алмай қалған соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, амандасып, сый-сияпатын, құрметін көрсетті. Ардагерлер осы құрметті жақсы түсінеді. Елбасының, облыс, қала әкімдерінің қамқорлығын жақсы түсініп, ризашылықтарын білдіріп, баталарын, тілектерін айтып жатыр. Соғыс оты ешқашан болмасын! Бәріңізге денсаулық, татулық, тыныштық тілеймін, – деді.

Шара аясында соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алған соң кезек театрландырылған көріністерге берілді. Мұнда жұртшылық қалалық мәдени-сауық орталығы өнерпаздарының күшімен Ұлы Отан соғысының басталуы мен соғыстың сұрапыл кезеңдерін және Жеңіс таңының қалай атқанын көз алдарынан бір өткізді.

Бұдан соң ардагерлер мен қала жұртшылығы кеншілер алаңында сап түзеп тұрған қаламыздың күштік құрылымдары мен «Ұлан», «Алау» патриоттық ойындары жауынгерлерінің мерекелік шеруін тамашалады. Шеруді қалалық ішкі істер бөлімі мен өртке қарсы қызмет бөлімінің жасақтары бастады. Олардың соңын ала қала мектептерінің жас ұландары сап түзеді. Қаздай тізіліп өтіп жатқан Отан қорғаушыларды көрген ардагер аталарымыз бен әжелеріміз, қала тұрғындары еліміздің тыныштығы мен қорғанысы берік қолда екеніне көздерін кәміл жеткізді.

Жеңіс күніне арналған салтанатты шаралар бір бұнымен шектелген жоқ. Ендігі кезекте қала жұртшылығы ардагерлерімізді кеншілер алаңында күтіп тұрған, арнайы жабдықталған автокөліктерге қошеметпен отырғызып, қаланың оңтүстік шығыс беткейінде орналасқан «Жеңіс» саябағына шығарып салды. Олардың соңын ала отты жылдарды бейнелеген, арнайы қару жарақпен жабдықталған өзге де автокөлік жүріп отырды. Көліктердің соңын мекеме, ұжымдардан келген азаматтар жалғады. Оларды қала әкімдігінің қызметкерлері мен депутаттар корпусы және қаланың Құрметті азаматтары бастады.

«Жеңіс» саябағындағы шара «Даңқ» обелискісі жанындағы мәңгілік алауға гүл қою рәсімімен басталды. Одан соң «Даңқ» алаңында «далалық асхана» жабдықталып, соғыс және тыл ардагерлеріне мерекелік дастархан жайылды. Мұнда да соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, театрландырылған көріністер қойылды.

Жеңіс тойына арналған салтанат түс ауа қаланың орталық алаңында жалғасып, жұртшылық спорттық ойындар мен концерттік бағдарламаны тамашалады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.