Журналистердің аймақтық форумы

Маусым айының соңын ала бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері өздерінің мерекелерін атап өтеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елде жүргізіп отырған ұтқыр да ұтымды саясатының арқасында бұқаралық ақпарат құралдарының мәртебесі күннен күнге артып келеді. Біздің аймақта да БАҚ-тың даму қарқыны жылдан-жылға артып келеді.

Осы мереке қарсаңында Сәтбаев қалалық әкімдігі мен «Шындық» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Ел Тәуелсіздігі жылдарындағы аймақтық БАҚ-тың даму тенденциясы» тақырыбында Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада журналистердің аймақтық форумы өтті.

Форумның жұмысына Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, «Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі» атағының иегері, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, «Қазақ газеттері» АҚ Қарағанды облысы бойынша тілшісі  Батырбек Мырзабеков, Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетінің  бас редакторы Төлеш Асантегі, «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған аймағы бойынша меншікті тілшісі, «Мысты өңір» газетінің бас редакторы Амандық Рахұлы, «Индустриальная Караганда» газетінің Жезқазған аймағы бойынша меншікті тілшісі Владимир Шипунов, республикалық «Жас Алаш» газетінің Жезқазған аймағы бойынша меншікті тілшісі Әлібек Әбдірашев және т.б. аймақтың БАҚ қызметкерлері қатысты.

Аймақтық журналистиканың бүгінгі таңдағы дамуы сөз болған форумды қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Кауһар Сағындықова ашып, жүргізіп отырды.

Алғаш болып сөз алған Марал Сағынайқызы форумға қатысушыларды қала әкімінің атынан мерекемен құттықтай отырып, БАҚ-тың қоғамдағы орны мен Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың елде жүргізіп отырған саясатын жүзеге асырудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.

Тақырыпқа байланысты Б.Мырзабеков, В.Шипунов, Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының жас журналисі Е.Кәкенов, «Шарайна» газетінің бас редакторы Майра Жаппасбаева баяндама жасады.

Мәселе төңірегінде «Подробности» газетінің бас редакторы Нина Барбутько, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов  қадау-қадау ойларын ортаға салып, аймақтық журналистиканың кешегісі мен бүгінгісін, болашағын сөз етті.

Форумның жұмысы осы салада еңбек етіп жүрген БАҚ өкілдерін марапаттау рәсіміне ұласты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және БАҚ қызметкерлерінің күніне орай демократия құндылықтарын дамыта отырып, жаңа қазақстандық қоғам құру  ісіндегі азаматтық және шығармашылық үлестері үшін Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хатымен және естелік сыйлығымен Б.Мырзабеков,  А.Рахұлы, В.Шипунов,  Жезқазған қалалық «Дидар» телехабар тарату дирекциясы, «Сарыарқа» газеті мен «Мысты өңір» газетінің, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газеті, Сәтбаев қалалық телеарнасының, «Подробности», «Жезказганская правда», «Наше время» газеттерінің редакциясы марапатталды.

Бір топ қызметкерлер  қала әкімі тағайындаған дәстүрлі «Жыл журналисі», «Жыл операторы», «Үздік БАҚ қызметкері» арнайы  номинациялары бойынша дипломдармен және 30 мың теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.
«Жыл журналисі» атағына «Дидар» телеарнасының жас журналисі Елдос Кәкенов, «Шарайна» газетінің жас журналисі Бағдат Қазкенов, Сәтбаев телеарнасының бас редакторы Айгүл Тутеева лайық деп табылды. «Жыл операторы» атағы Мақсұт Сексенбаев пен Сәтбаев телеарнасының операторы Олжас Ханафинге бұйырса, «Шарайна» газетінің дизайнері Қуанышгүл Жәнібекова «Үздік БАҚ қызметкері» арнайы сыйлығының жеңімпазы атанды.

«Шарайна» газетінің қызметкерлерін «Капитал» жинақтау зейнетақы қорының аймақтық даму департаментінің сатулар бойынша бас менеджері Жаннат Бигельдинова, Жезқазған қалалық сотының аппарат жетекшісі Айдар Доскеев,  Халық банкі Жезқазған филиалының қызметкері Айгүл Надирова, Сәтбаев қалалық филиалының директоры Тоқтаған Нұрсолтанова, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы және мемлекеттік мұрағаттың атынан Айгүл Төлендина,  Сәтбаев қаласы прокуратурасы, Сәтбаев қалалық ІІБ бастығының кадр жөніндегі орынбасары Болат Рысбеков  құттықтап,  сыйлықтарын тапсырды.

Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін жиналғандар «Дидар» телеарнасы мен Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің дайындаған бейнефильмін көріп, ақ дастархан басында мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. Әндер шырқалып, ақ тілектер толассыз ақтарылды.

Осылай аймақ журналистері форум аясында бір бас қосып, келелі ой, түйінді  мәселелерді ортаға салды.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.