«Ұлытау үні» фестивалі өтті

Халық шығармашылығы мен көркемөнердің насихатшысына айналған аймақтық «Ұлытау үні» фестивалі биыл 27-ші рет жалауын көтерді. Қөктөбе мен Көкше теңіздің арасындағы жалпақ жұртты ән мен жырға бөлеген өнер мерекесінің шымылдығы Жезқазғандағы Серке театрында түрілді. Оны ашуға Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар мен Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов арнайы қатысты.

Қос әкімнің құттықтауынан кейін сахнаға фестиваль жалауы әкелінді. Оны әкелу құрметіне биыл ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ғалым Мұхамбедин, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Қайыркүл Елубекова және облыстық «Жас қанат» конкурсының лауреаты Асхат Сағындықов ие болды.
Фестивалдің ашылуында ҚР еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов «Ұлытау» әнін құйқылжыта шарқаса, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Сара Смағұл «Ұлытау үні» атты арнауын оқыды.
Бұдан әрі кезек Сәтбаев қаласының көркемөнер­паздарына берілді. Баршаға мәлім, биыл Сырда туып, қырда өскен дауылпаз ақын, кенші, жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың туғанына 80 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай фестиваль аясында «Шындықты айтып найзағайдай жарқылда» деген тақырыпта еске алу кеші өтті.
Жалпы, үш күнге созылған фестиваль аясында дәстүрлі әндер, «Әнші балапан», «Күміс қоңырау» байқаулары мен шығармашылық кештер және қолөнер шеберлерінің көрмесі болып, жұртшылыққа үлкен әсер сыйлады.

Комментарии закрыты.