Елі ұмытпаса, ердің аты өшпейді

Ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдығына арналған онкүндік аясында қаламыздағы №7 жалпы орта білім беретін мектепте бірқатар іс-шаралар өтті.

Солардың бірі – ақынның туындыларын әр өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, оқушыларды ұлтжандылыққа, туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, өз елінің тарихын құрметтеуге, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған «Елі ұмытпаса, ердің аты өшпейді» атты ақынды еске алу кеші. Оған Шынболат ағамызды үлгі тұтқан, ол кісінің ақындық өнерін бағалаған, бүгінде корпорацияның ардагерлер қоғамының мүшесі, кенші, ақын Сақтаған аға мен Шәкеңнің жары – Гүлсара апай құрметті қонақ ретінде шақырылды. Қонақтар ақынның болмыс-бітімінің ерекшеліктерімен қоса, адами жақсы қасиеттері жайлы, бір басына тоғысқан сан қырлы өнері туралы көптеген қызықты әңгімелер айтты.

Шынболат Ділдебаевтың әрі режиссер, әрі актер бола жүріп, халықтың бос уақытын мәнді өткізуге зор үлес қосқаны, ол, ұйымдастырған «Арман» вокалды аспаптар ансамблі бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанғаны жайлы әңгімеледі. Айтыс өнері қайта жандана бастаған шақта сол кездегі Жезқазған облысының бас айтыскер ақыны ретінде Жезқазған – Ұлытау өңіріндегі көптеген жас таланттардың өнер жолындағы жолбасшысына айналғанын да тілге тиек етті.

Іс-шара барысында қонақтар оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, кешті қызықты әрі тартымды ете түсті. Сонымен қатар, ақынның жинақтары, еңбектері, өмірбаяны, естелік суреттерінен «Жерлесіміз Шынболат Ділдебаев 80 жаста» тақырыбында мектеп кітапханашысы С.Сутемгенова көрме ұйымдастырды. Сондай-ақ, сексенінші жылдардың соңына таман «Шындық» толғауымен жарқ ете қалған Шынболат ағаның шығармашылығынан «Шындықтың шынар биігі» атты мәнерлеп оқу сайысы өткізілді.

А.Хафизова, №7 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі.

Комментарии закрыты.