Озық тәжірибе – ортақ қазына

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының нысанында «Озық педагогикалық идеялар мен тәжірибелерді оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану» тақырыбында ІІ республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Оған қаламыздан №36 «Ақбота» бөбекжай балабақшасының педагогтары мен тәрбиешілері қатысып қайтты.

Халықаралық педагогика және инновациялық-технологиялық ғылыми академияның басшысы Ш.Сатенованың ұйымдастыруымен өткізілген бұл іс-шараның мақсаты педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру, ғылыми-әдістемелік білім беру процесін жетілдіру, білім беру сапасын арттыру болды. Конференция барысында жан-жақтан келген ұстаздар заманауи педагогикалық технологиялар бойынша жинақтап апарған материалдарын қорғады.
Конференция қорытындысында №36 «Ақбота» балабақшаның тәрбиешілері өз біліктіліктерін жоғары дәрежеде көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, «Исследование образа матери в воспитании дошкольника» тақырыбында баяндама оқыған педагог-психолог Ғ.Иманбекова және «Изучаем русский язык в игровой форме» атты жұмысын қорғаған орыс тілі маманы М.Жандарбекова ІІ орынды иеленсе, дене шынықтыру жетекшісі А.Түленова мен тәрбиеші Г.Тұрмағанбетова «Дене шынықтыру пәнінде жаңа инновациялық технологияларды пайдалана отырып, білім сапасын арттыру», «Тәрбиеші – болашақтың бастауы» тақырыптарындағы жұмыстарын көрсетіп ІІІ орынды жеңіп алды.
Осындай ғылыми-тәжірибелік конференциялар педагогтарға өз білімдерін жетілдіруге, сондай-ақ бір-бірімен тәжірибе алмасуға зор септігін тигізері сөзсіз.

Ғ.Әбішева, балабақша әдіскері.

Комментарии закрыты.