Ауыз су талапқа сай

Қазақстан Республикасы ұлттық экономика Министрінің 2015 жылдың 16 наурызында бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық ауыз сумен жабдықтау, мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» Ережесіне сәйкес, ауыз сумен қамтамасыз ету және оның сапасын қадағалау тұрақты түрде жүргізіліп тұруға тиіс. Біздің қаламызда осы Ереженің талаптары қаншалықты орындалуда? Ауыз судың сапасы қандай және оны тексеру мен қадағалау жұмыстары қалай жүргізілуде? Бұл сұрақтарға Сәтбаев қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина жауап береді.

– Қала бойынша ауыз су құбырлары мен жүйелерінде арнайы сынама алу орындары анықталған және апта сайын бекітілген кесте бойынша су сынамалары алынып тұрады. Барлығы 15 сындарлы орын анықталып бекітілді. Бұл орындарды көктемгі су тасқынына байланысты және ауыз су сапасын қала көлемінде қадағалау мақсатында 5 орынға көбейттік. Санитарлық талаптарға сай көктемгі уақытта ауыз судың мөлдірлігі төмендеуі мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарына айтарымыз: ауыз суды жүйеден алғаннан кейін тұндырып барып пайдаланған дұрыс, үй жағдайында мақталы дәкемен қолдан жасалған фильтрден немесе арнайы су тазартатын фильтрден өткізу керек. Суды қолданар алдында су жүйесінің бұрандасын 10-15 минуттай ашып, тұрып қалған суды ағызып жіберу керек. Қар тасқыны аяқталған кезде ауыз судың мөлдірлігі қалыпқа келеді, сонымен қатар кермектілігі де жақсарады.

Санитарлық талапқа сай көктемгі су тасқыны жүрер алдында су арқылы тарайтын жұқпалы инфекциялық аурулардың алдын алу үшін ауыз суды дезинфекциялауды қадағалау, хлордың мөлшерін талапқа сай көбейту жылумен сумен жабдықтау кәсіпорны мен жылуэнергетика кәсіпорнына жүктелген. Су жүйесіндегі апатты жағдайларды кәсіпорындардың диспетчерлік қызметтері үнемі бақылауда ұстап, күнделікті хабарлап отырады. Ағымдағы жылдың өткен мезгілінде 15 рет су жүйесінің тесіліп, судың сыртқа кетуі тіркелді. Барлық жағдайда да ауыз су тұрғындарға үздіксіз жеткізіліп, жүйе қалыпқа келтірілді.

Ауыз суды залалсыздандыру мөлшері де сағат сайын қадағаланады. Сындарлы орындардан алған 36 су сынамасы санитарлық-химиялық, санитарлық-бактериологиялық тексеруден өткізілді. Сапасы талапқа сай. Сонымен қатар, ауыз су сапасын кәсіпорын зертханасы күнделікті өндірістік қадағалау тәртібі бойынша жүргізеді. Қандай да бір туындаған сұрақтар болса екі жақты келісім арқылы белгілі талаптарға сай шешіледі. Ауыз су сапасы қатаң бақылауда.

Жазып алған Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.