Білімсіздік бүлікке бастайды

Ислам – барша адамзатқа тура жол көрсетіп, игілікке жетелеуші дін. Қасиетті Құран Кәрім аяттары осыған дәлел. Ислам – адам баласын ақиқатқа жетелеп, қараңғылықтан құтқарған бейбітшілік діні. Асыл дініміз бауырың былай тұрсын, өзге дін өкіліне құрметпен қарауға шақырады. Тіпті, тірі жәндікке титтей қиянат жасаудан тыяды. Ал, қазіргі таңда қолына қару алып, қан төгіп, жиһадшылап жүргендердің немесе ата-анасы, ағайын-туысынан безініп, айналасындағыларға залалын келтіріп жүргендердің әрекеті Ислам дініне теріс. Бұл қой терісін жамылған қасқырдың тірлігі іспеттес.

Атам заманнан Аллаға ғана бойұсынған Алаш жұртының бүгінгі ұрпағы бір-бірімен «анау ширк, мынау бидғат» деп бос таласқа бой алдырып жатуының бірнеше басты себептері бар. Солардың бастысы ретінде соңғы кездері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі теріс ағымдар жұмысын атап айту керек. Олардың көздегені біреу-ақ – халық арасында іріткі салып, елді ішінен бөлшектеу. Жасырын жиылыстарында еліміздегі құлшылық ордаларын, ондағы қызмет етіп жүрген имам-молдалардың мәртебесін төмендетіп, адасқан етіп көрсетуге тырысты. Сан заман бойы салтымызға сіңісіп, дәстүріміздің діңгегіне айналған асыл дініміздің ақиқатын теріс бұрмалап, тек өздерінің ұстанған жолын дұрыс деп көрсетіп бақты. Кешегі Ақтөбедегі қанды қырғын, Алматыдағы атыс-шабыс, бұлардың барлығы да осы теріс ағым жетегінде кеткендердің әрекеті. Қарап тұрсаңыз, теріс ағым өкілдері ел арасында дау-дамай тудыруды былай қойып, бүлік салуға көшті. Бұл – қоғамдағы дерттің ең жанды жері.
Бір ауыз аят немесе хадис білмейтін кей ағаларымыздың мәселенің мән-жайына тереңдеместен түрлі пікірлер айтып жүргеніне куә болып жатамыз. Қазіргі таңда жаңа кездескен екі мұсылман бір-бірінен ру сұрасқандай «қай мәзһабтасың?», «ақидаң қандай?» деп жататын жағдайға жетті. Себебі, осы арқылы теріс ағымдағылар өздерін ерекшелеп көрсеткісі келеді. Жайнамазға жақында ғана жығылып, өзін ұлы бір міндетті атқарып жүргендей күй кешіп жүрген олардың құлағына «мәзһаб ұстанғандардың бәрі адасқан, тек біз ғана тура жолдамыз» деген сөздің майдай жағатынын айтпай-ақ қояйық. Енді бұл сөздердің қатарына «ширк, бидғат, ахи, ухти» деп жалғасып кете баратын бірқатар терминдерді қосыңыз. Өздерін бейнамаз жандардан айырып тұратын мұндай «асыл сөздерді» қосып сөйлеудің олар үшін орны бөлек.
Қорыта айтқанда, ондаған ғасыр бұрын Ислам ғалымдарының ортақ ижтиһадымен шешімін тапқан тақырыптарды қайта қозғап, араб тілінің бір-екі сөзін араластырып сөйлеу арқылы бірте-бірте халық арасында өздерін ерекшелеп, яғни жоғары етіп көрсету – бұл теріс ағымға ерген адамдарға тән әрекет дегім келеді. Бірақ, бізге, халыққа қажеті бүлік емес, бірлік, ынтымақты тіршілік. Біз өз ортамызда да, бізбен бірге өмір сүріп отырған осы қоғамдағы барша азаматтарға да сыйластық, ізет-құрмет көрсетуден танбауымыз керек. Нағыз мұсылмандықтың нышаны – осы.

Мұрат қажы Жағыпаров.

Комментарии закрыты.