Үйренерім көп әлі

Әлі есімде, 9 сынып оқып жүрген кезім, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген әрі сынып жетекшіміз болған Әсем Алпысова менің бір шағын мақаламды көріп, – Бағдат, мына мақалаңды қалалық «Шарайна» газетіне жарияласаң қайтеді? – деп бағыт берді. Сабақтан шыққан бетте  редакцияға жол тарттым.  Алдымнан газеттің бас редакторы М.Жаппасбаева шығып, жүрген шаруамды сұрап, кабинетіне ертіп кірді.  Міне, сонда басталған танысу бүгінде әріптестікке алып келді.

Былтыр Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің педогогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған соң, өзімнің бұрынғы танып, біліп қалған  «Шарайна» газетіне  келдім.  Бір жыл ішінде газеттің бас редакторы Майра Смағұлқызы мен Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, газетке іргетасы қаланған күннен бастап үлесін қосып келе жатқан  ардагер журналист Мәди Әбутәліпұлының үйретуімен аз да болса мамандықтың қыр-сырына қаныққандаймын.

Қазір редакция құрамы шағын. Аймақ тынысынан қаланы құлақтандыруда қаламы қарымды журналистер Әлібек Әбдірашев, Мәди Әлжаппаров тынбай еңбек етуде. Екі тілде жазатын замандасым, жұмысқа бір жылы орналасқан Марал Шахаева екеуіміз тәлімгерлерден тәлім алып, талапкер атанып, аға буынның ісін жалғастыруға деген құлшыныс пен ізденіс үстіндеміз. Журналистер қауымынан басқа  газеттің шығуына тікелей қатысы бар мамандар – корректор Рашида Орынбаева, есепші Гүлнар Мағзұмова, дизайнер Қуанышгүл Жәнібекова өз істеріне шынайы берілген жандар.

Бүгінгі таңда газет редакциясын білікті басшы Бауыржан Жанбауұлы Бірманов басқарып отыр.

Редакциямен тығыз қарым-қатынас жасаған алғашқы күннен бастап, жас маман болып келгенде жақын тартып, білмегенімді үйретіп, бағыт берген тәлімгерлеріме, бірге қызмет атқарып жүрген әріптестеріме алғысым шексіз.
Бүгінде аз да болса тәжірибе жинақтасам, осы ұжым қызметкерлерінің арқасы деп білемін.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.