Отбасылық оқу дәстүрін сақтау

Ұлттық сана-сезімі жоғары, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор ұрпақты тәрбиелеу және кітапты сүюге, қадірлеуге баулу мақсатында орталық кітапханада «Оқырман бенефисі» атты жаңа жоба қолға алынып, ұйымдастырылды. Оған Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушылары мен ұстаздары және кітапхана ұжымы қатысты.

Аталмыш жоба аясында былтырдан бастап үздік оқырмандар марапатталып келеді. Биылғы жылдың «Оқырман бенефисі – 2017» номинациясымен қала тұрғыны, кітапхананың тұрақты оқырманы, еңбек ардагері, «Өмір ағыны» атты кітаптың авторы Түсібия Арыстанбеков марапатталды. Мерекелік іс-шараға Арыстанбековтер отбасы немерелерімен бірге келіп, кешті әнмен әрлеп отырды.

Оқырман залының кітапханашысы А.Бримжанова жыл оқырманына арнап презентация көрсетті. Т.Арыстанбеков қиын-қыстау кезде дүниеге келіп, көрген қиындықтарын өскелең ұрпаққа әңгімелеп, сол кездегі жанашыры, ақылшысы, досы кітап болғандығын айтты.
– Кітап – жан айнасы, оған қарап ойыңды да, бойыңды да түзетуге болады, оғаш мінезіңді, ерсі қылығыңды мінейсің, тұрпайы пейілді көріп жиренесің. Айналадағы адамға мейіріммен қарауға үйренесің. Кейде жаңсақ, жаңылыс басқан қадамдарың болса, оны оп-оңай аңғарасың, – деп сыр шертті Түсібия аға.

Құрметті қонақтың оқыған кітаптарынан «Менің сүйікті кітаптарым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Шараның соңында Т.Арыстанбековке «Үздік оқырман» медалі мен Диплом табысталды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.