Өңірдегі аға басылым

Отыз сегіз жыл тарихы бар аймақтағы  «Сарыарқа» газетін  журналистиканың мектебін қалыптастырған аға басылым десек те болады.  Осы жылдардың ішінде «Сарыарқа» газетінен көптеген жас маман шыңдалып, бүгінгі таңда республика, облыс, қала көлемінде еңбек етіп жүр.  Алды Алматы, Астанада еңбек етсе, облыс газеттерінде де еңбек етіп жүргендері қаншама. Кешегі облыстық «Жезқазған туы» газетінің заңды жалғасы «Сарыарқа» аймақтың барлық салаларын қамтып жүр.  Бұл басылымды білікті де білгір басшы, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Төлеш Асантегі басқарып отыр.

Ана тілінде Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарына тарайтын газет ұжымында аға буыннан журналист Ізтай Белгібай,  бас редактордың орынбасары Сара Смағұл газеттің ардагері болса, жас тілшілер  – Дархан Мұқанов, Меруерт Наурызбаева, Әйгерім Қызданова солардан үлгі алып, мамандықтың шыңына шығуға талпынып жүрген жастар.

Осы газеттің іргесі қаланған күннен бастап еңбек етіп келе жатқан газет тарату және жеткізу бөлімінің маманы Бақыт Еркебұланованың отыз алты  жылы осы газетпен біте қайнасып жатыр. Жауапты хатшы Гүлбаршын Ахтамберлина, корректор Сарвиназ Сайдалина, дизайнер Гүлиза Әкішева газеттің жоғары деңгейде шығуына үлестерін қосып келеді.

– Қалың жұртшылықты аймақ тынысымен таныстыруда «Сарыарқа» газетінің орны айрықша. Мен 2007 жылы Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің журналистика факультетін тәмамдап, қара шаңыраққа келіп орналастым. Журналистиканың әліппесін танытқан Тоғанбай қажы Құлманов, бас редакторы Төлеш Сүлейменұлы болатын. Мына ақпарат пен технология дамыған заманда үнемі ізденіс үстінде жүрмесеңіз атқарған ісіңіздің берекесі болмасы анық. Сондықтан да ірі қалаларда тәжірибе жинақтап, өз мамандығымды толық меңгеруім үшін Елордасы Астанадағы «Ел» республикалық газетінде, Л.Гумилов атындағы Еуразия университетінің газетінде 2 жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтап қайттым. Өткен жылы осы газетке қайта оралдым. Әрине, журналистиканың жүгі жеңіл емес. Үнемі ізденіс пен үйренуге деген құлшыныс, шығармашылық шыңдалу қатар жүруі керек, – дейді  газеттің аға тілшісі Меруерт Наурызбаева.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін 2009 жылы бітіріп, газет өміріне араласып келе жатқан Әйгерім Қызданова аға буыннан үйренгенім көп дейді.

– Қоғамның жаршысына айналып жүрген БАҚ-тың міндеті мен қызметі күн санап артып келеді. Осы мысты өңірдің тыныс-тіршілігін жариялауда ерінбей еңбек етсек мамандыққа шынайы берілгендіктің бір көрінісі болар еді, – дейді жас маман.

Он алты қызметкер еңбек етіп отырған аға басылымның мамандықтың майын ішкен майталмандары мен енді-енді қаламдары ұшталып келе жатқан жас тілшілері барда асар асуы мен бағындырар биігі мол болмақ.

Төл мерекелеріңізбен, қымбатты әріптестер.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.