Жұмыстарды сынға алды

Ерлан Қошанов аймағымыздағы шағын несиелеу бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды сынға алды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының әкімі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға дайындыққа көңілі толмайтынын жеткізді. Ерлан Қошанов аппараттық жиналыста қала және аудан әкімдеріне осы бағдарлама аясында жұмыссыздарды жұмылдыру белсенділігінің төмендігіне қатысты сөгіс айтты.

Облыс әкімі, сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты тарату және түсіндіру жұмыстарын да қатаң сынға алды. «Мен ауыл-аймақтарды аралаған кезде менен қандай бағдарламалар бар, олардың ставкалары қандай деп сұрап жатады. Ауыл адамдары бұл бағдарламалар туралы ештеңе білмейді. Меніңше, қала және аудан, елді мекендердің әкімдері өздері де ол туралы хабарсыз», — деген болжам айтты Ерлан Қошанов.

Аппараттық жиналыста шағын несие беру қаражатын игеруге қатысты қауіп жайлы да әңгіме қозғалды. Шағын қалаларда бұл бағдарламаға қатысушыларды тарту жұмыстарын белсендірек ету мәселесі талқыланды.

«Мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының да ең басты мақсаты – салаларды дамыту және жұмыссыздық мәселесін шешу болып табылады. Біздің облысымыз жыл сайын ауыз толтырып айтарлықтай көмек алады мемлекеттен. Өткен жылы кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығына бюджеттік қаражаттан 21 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда нәтиже керісінше, жұмыссыздықтың төмендеуін бақылаудың орнына, оның 4,9%-дан 5%-ға өскенін көріп отырмыз», деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы мысал ретінде Бұқар Жырау ауданын келтірді. Онда 2016 жылы субсидияларға жұмсалған қаражат 2,6 млрд. теңгені құраған, КазАгро арқылы 750 млн. теңге көлемінде несие берілген. Жалпы өнім көлемі небары 1,9%-ға ғана өскен, ал мал шаруашылығы өнімі төмендеп қалған. Нұра ауданында мемлекеттік қолдауға 2,6 млрд. теңге жұмсалағанымен 2016 жылы жұмыссыздық көрсеткіші 3,8%-дан 4,5%-ға өсіп кеткен.

«Бұл мемлекет қаржысы, сондықтан әрбір тиын пайда алып келуі тиіс. Субсидиялар ауаға ұшып кетуіне, ал бизнестің баяу жылжуына жол берілмеу керек. Жұмыспен қамту мәселесі – әкімдердің жұмысын көрсететін басты көрсеткіш», — деді Ерлан Қошанов.

Комментарии закрыты.