Соңғы қоңырау: 12 мектеп. 317 түлек

Кеше қаламыздағы 12 мектепте 317 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылды. Жалпы қаламызда 16 мектепте 10262 бала білім алады. 892 оқушы 9-сыныпты бітіреді. Сондай-ақ, бастауыш сыныпта білім алатын 4857 баланың 1145-і бастауыш сыныппен қоштасты. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 1323 балдырған алғаш рет соңғы қоңырау рәсіміне куә болды.

– Бейсенбі күні қаламыздағы барлық мектепте соңғы қоңырау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күні салтанатты жиындар ұйымдастырылды, – дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Айтжанова. Оның айтуынша, соңғы қоңырау салтанатты мерекесін өткізуге және басқа шаралар үшін мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алуға оқушылар мен ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынған.

Мектеп бітірген 317 түлектің 310-ы қортынды аттестаттауды тапсырады. Емтихан 29 мамыр – 9 маусым аралығында өткізіледі. Ал, 7 түлек денсаулығына байланысты емтиханнан босатылған. Сол сияқты осы 317 түлектің 223-сы (71 пайызы) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіріпті.

Орайы келгенде айта кетейік, түлектердің 12-сі «Алтын белгіден» үміткер. Ал 17 түлек ерекше белгідегі аттестат алады деп күтілуде.
Түлектердің мектеп бітіру кештері маусымның 12-сі күні ұйымдастырылады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.