380 бала бақшаға барады

Сәтбаев қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша бас маманы Гүлбану Хасенова балабақшаға жолдаманың қай кезден беріліп, оны кімдердің алатыны жөнінде хабарлады.

25 мамырдан бастап қаламыздағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп жасына келген бүлдіршіндер балалар бақшасымен қоштасады. Сөйтіп, олардың жолын балалар бақшасына баруға жасы келген бөбектер басатын болады. Осы мақсатта балабақшаға бару кезегінде тұрғандар бірінші кезекте бақшамен қамтылмақшы. 25 маусымға дейін барлығы 380 кішкентай сәтбаевтықтарға аталмыш жолдаманы беру жоспарланып отыр.

Бас маманның сөзіне қарағанда, жолдаманы беру шарасы арнайы стандартқа сай жүргізіледі.

– Ең алдымен мектепалды даярлық жасына жеткендерге, сосын әскери қызметкерлердің балаларына, жеңілдік санатындағы балдырғандарға кезек береміз, – дейді Гүлбану Сейтбекқызы.

Оның айтуынша, білім бөліміндегі арнайы стендтерде анықтамалық ақпараттар орналастырылып, онда қабылдау кестесі, мектепке дейінгі ұйымдардың орналасу картасы, балабақшалардың тізімі егжей-тегжейлі көрсетілген.

Гүлбану Хасенованың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 2880 балғын балабақша кезегінде тұр. Жалпы, қала бойынша 29 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 16-сы балалар бақшасы, 13-і шағын орталықтар. 4 шағын орталық толық күндік кесте бойынша, 9 шағын орталық жарты күндік кесте бойынша жұмыс істейді. Бүгінгі күні 2985 бүлдіршін бақшаларда, 353 бүлдіршін шағын орталықтарда тәрбиеленеді. Мұның сыртында 1012 бала мектеп алды даярлық сыныптарына тартылған.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.