Даярлықпен қоштасты

Кезекті оқу жылы да аяқталып, әр оқушының мектеп өміріндегі бір белесі артта қалды. Өз жетістіктерін даярлық сыныбында алғаш әліппемен, әріптермен танысқан бүлдіршіндер де саралап, мәз-мейрам.

Мектеп қабырғасында бастауыш және 11 сыныптармен қоштасу дәстүрі қашаннан қалыптасқан. Ал, қаламыздағы №27 мектептің жаңашыл ұстаздары, бүлдіршіндер үшін даярлық сыныппен қоштасу сияқты өзіндік жаңа дәстүрді енгізгеніне, міне, бірнеше жыл болыпты.

Биылғы жылғы даярлық сыныппен қоштасу мерекесін жас та болса тәлімі де, ынтасы да зор Зәуреш Джунисованың сыныбы «Қош бол, даярлығым!» деген тақырыпта өткізді. Мереке бүлдіршіндердің өзіндік есеп беру концертіне айналды деуге әбден болады. Жиналған ата-аналары алдында балақайлар тақпақ, өлең айтып, өнерлерін ортаға салды. Әліппе оқу, есеп шығарудан жарысты. Кішкентай өнерпаздардың орындаған билері де жиналғандарға тамаша тарту болды.

Ұстаздың әр баланың бойындағы қабілет-қарымды ұштаудағы орасан еңбегі тайға таңба басқандай артық сөзсіз-ақ көрініп тұрды.
Баласының оқуда да, өнерде де қадамы сәтті болып жатқанын көргеннен артық қуаныш бар ма ата-анаға?! Содан болар, бүлдіршіндерді оқуға ғана емес, өнерге де бейімдей білген ардақты ұстазға бұл күні айтылған ризашылық сөздерде, алғыста шек болмады.

Өз кезегінде ата-аналарды алғашқы оқу жылының аяқталуымен мектеп директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Р.Капарова құттықтап, оқушыларға грамоталар табыс етті. Алғашқы мадақтама қағаздары қолға тиіп, қуаныштары қойындарына сыймай тұрған бүлдіршіндер білім әлеміне жол ашқан алғашқы да аяулы ұстаздары Зәуреш Байжігітқызына болашақта да тек жақсы оқуға уәде берді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.