«ШЫНДЫҚ» ШЫРАЙЛАНДЫРҒАН ШАРА

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Сәтбаев пен Ақтөбе қаласының және Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының Құрметті азаматы, ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың туғанына 80 жыл толуына орай Алматыдағы «Мерей» баспасынан 1000 данамен жарық көрген жыр жинағы «Шындық» деп аталады. Ақын атындағы Кеншілер сарайында өткен туындыны таныстыру салтанатын жинақ редакторы, ақын, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық «Вечерний Сатпаев» газетінің бас редакторы
Абдолла Дастанов жүргізді.

«Шындық» шырайландырған шараның шымылдығы Райхан Оразбекованың орындауындағы Шынболаттың «Шындық» термесімен түрілді. Тыңдап отырып, шын мәнінде шырқыраған шындықты жасқанбай жайып салған шайырдың шынайы тума талантына таң қаласың, жүректілігіне таңданасың! Құттықтау кезінде қала әкімі Асқар Ыдырысов турасын айтқандай: «Ел етек-жеңін енді жиып, тәуелсіздіктің толғағы басталған сексенінші жылдардың соңында Шынболат Ділдебаев жұлдыздай жарқ етті. Шынағаңның «Шындық» толғауы талай жанның жүрегіне жол тауып, мұңды көңілге — жұбаныш, жасығанға — жігер сыйлады».

«Ақынның атақ-абыройы Арқа даласында ғана емес, барша қазақ аспанында асқақтағанын» алға тартқан шаһар басшысы сөзін былай түйіндеді: «Өлшеусіз өшпес мұра қалдырған, осы киелі сахнаның қалыптасуына қалтықсыз еңбек еткен ұлтының аяулы ұлы, ақын Шынболат Ділдебаевтың есімін ұмытпай, ұлықтап отыру өскелең ұрпақтың ақын ағасындай ұлтжанды болып қалыптасуына елеулі ықпал етеді деп білеміз.

Шынағаңның мерейтойына орай қаланың зиялы қауымымен ақылдаса отырып атқарылып жатқан іс-шара одан әрі жалғасады. Ақынның туған күні қалалық «Шынболат Ділдебаев оқулары» басталды, жас ақындардың аймақтық жыр мүшәйрасы мәреге жетті. Алда Шынболат Ділдебаев атындағы жүлде үшін жыршы-термешілер байқауы мен жас ақындар айтысы алғаш рет республикалық деңгейде өтетін болады».

Жиналған жамиғат жағымды жаңалыққа қуана қол соқты.

«Сырда туып, қырда өстім» деп арынды ақынның өзі айтқандай, оның бүкіл саналы ғұмыры Жезқазған-Ұлытау өңірінде өтті, әсіресе Қаныш қаласына тікелей қатысты. Ол осында мектеп табалдырығын аттады, алғашқы еңбек жолын бастады, мәңгілік мекені де осында. Өкініштісі — ол шығармашылықтың шынайы шырқау шыңына шыққан, шабыты ширыққан шағында өмірден озды.

Бірақ, елінің есінде. Шынболат Ділдебаевтың 70 жылдығы да, 75 жылдығы да атаусыз қалған жоқ. Енді, міне, 80 жылдық мерейтойы көптің көңілін көл-көсір қуанышқа кенелткен думанға, тәрбиесі мол тәлімді шараға айналып отыр. Кітаптың алғысөзін жазған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай мен Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, кенші-ақын, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұса Тілеуов жиналған жырсүйер қауымды құттықтағанда осыған назар аударды.

Сөз кезегі Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омарға тигенде жиналған жамиғат бір желпініп қалды. Өйткені, оның Шынболатпен сан айтыстың додасында бірге жүргені, 2000 жылы Шынболатқа арналған алғашқы республикалық айтыстың бас жүлдесін иемденгені өз алдына, Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенде Шәкеңнің 70 жылдығына орай бәйгеге үш жеңіл автокөлік тігіп республикалық айтыс ұйымдастырғанын, ал, Сәтбаев қаласының әкімі болған кезде Шынболаттың үнтаспасын шығарғанын елі ұмытпайды.

Сахна төріне Шынболаттың соңында қалған мұрасын музейге жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған ақынның жары Гүлсара Жиенәлиева шақырылды. Осы шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан барлық азаматқа алғыс айтқан ол, сый-сияпат жасады.
«Дамира» би тобы өнер көрсетті, ҚР еңбегі сіңген артист Ғалым Мұхамедин «Гәккуді», жыршы-термеші, ел арасында «Мұқаш жырау» атанған Мұханбет Қожахметов «Молда Мұқанның толғауын», әнші Айгүл Күлшікенова «Сағыныш» романсын, «Максимум» ансамблі «Хұсни-Қорланды» шырқады.
Көңілді кеш әнші Зоя Иманбаева орындаған «Сәтбаев — достықтың қаласы» әнімен аяқталды. Бұдан ширек ғасыр бұрын оның сөзін жазған Шынболат Ділдебаев, әнін шығарған Жақсыкелді Сейілов, ал алғашқы орындаушысы осы Зоя еді.
«Алтын орда» мейрамханасында ас берілді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.