ТІЛІ БІРДІҢ – ТІЛЕГІ БІР

Қазақ тілінің байлығы, көркемдігі ауыз әдебиетімізден, XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясынан, би-шешендердің сөздерінен бастау алғандығын білеміз. Қазақ халқы – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білген, қандай да бір дауды сөзбен шеше білген халық. Халықтың түрлі шешілмей қалған дау-жанжалдарын тапқырлықпен, әділдікпен шеше білген билеріміздің ақыл-өсиеттері қазақ тілінің қаншалықты құдіретті, көркем де терең мағыналы екендігін көрсетеді.

Ұлттық тіл жоқ жерде ұлт та жоқ, ұлттық мемлекет те жоқ. Ұлттың барша қадір-қасиеті – оның ғасырлар бойы тірнектеп жинаған рухани тәжірибесі, ақыл-ойы мен сана-сезімі, салт-дәстүрі, тарихы мен дүниетанымы, бір сөзбен айтқанда, бүкіл рухы нақ осы тілінде жатыр. Сондықтан, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы, қандай жағдайда да оның орынсыз бұрмалануына жол беремеуі керек. Әрбір адам өзінің азаматтық борышы ретінде туған тілінің абыройын асқақтатуға міндетті. Біздің егемендігіміз бен ұлтшылдығымыздың басты көрсеткіші – әр азаматтың ана тілін, дінін, тарихын жетік меңгеріп, оның өркендеуіне өз үлесін қосуы. Яғни, қазір тіліміздің әрі қарай баянды да еркін өмір сүруіне ықпал ететін бірден-бір амал – әр қазақ азаматы үй ішінде де, өзгелермен де мемлекеттік тілде қатынас жасап, тіліміздің қадірін бағаламай, өзге тілде шұбарлап сөйлеп, тарихымызды жасаған баба тілімізді қорлаумен келе жатқан жандарды ой бөлісуге шақыру.
Мені қынжылтатын мәселе – басқа ұлт өкілдерінің көптеген отандастарымыздан қазақ тілінде артық сөйлейтіні. Ал, ана тілін білмейтін қазақтар бұл жағдайға еш намыстанбайды. Ана тілімізді білмейтін аға-апаларымыз неге осы жағдайға селсоқ қарайды? Осы сұрақтар мені толғандырады. Өз басым шет елдік достарымның қазақ тілінде менен артық сөйлегеніне қызығамын, қызғанамын. Дегенмен жүрегімнің сонау түбінде туған тілін білмейтін замандастарым үшін арлану, ұялу, намыстану сияқты сезімдердің бойымды баурайтыны рас. Сондықтан да ана тілімізді, мемлекеттік тілімізді қастерлеп, оның әлемге танылып, өрлеуіне үлесімізді қосып, өзге халықтар үшін үлгі-өнеге болып, өз алдына дербес ұлт, республика екендігімізді ең алдымен өзімізге дәлелдейік!

Аружан ҚУАНДЫҚ,
Астана қ., №56 мектеп-лицейдің 11 «Ә» сынып оқушысы.

Комментарии закрыты.