Мұражай мерейтойын атап өтті

«Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай өзінің 20 жылдық мерейтойын салтанатты жағдайда атап өтті, деп хабарлайды Жезқазған қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1997 жылы «Қазақмыс» корпорациясының мұражай-көрме кешені ретінде құрылған мұражай бүгінде іргелі рухани ордаға айналған. Мұнда өндіріске қатысты ғана емес, жалпы аймағымыздың кешегісі мен бүгінгісінен сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталған.

Мамандардың айтуынша, мұражайдың тарихы әріде жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, бұл рухани орданың ең алғаш шаңырағы Жезқазған кентінде 1947 жылы көтеріліпті. Оны құрған этнограф-өлкетанушы Николай Валукинский болды. Осыған орай «Қазақмыс» корпорациясының 1997 жылы құрылған мұражай-көрме кешеніне Н. Валукинский есімі берілген. Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш мұражайдың қалыптасып, дамуына белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіров те өзінің сүбелі үлесін қосты. Ол осы рухани орданы жиырма жылдан астам уақыт бойы абыроймен басқарды.
Мұражайдың мерейтойы кенші ақын, жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың осыдан 20 жыл бұрын бейнетаспаға жазылған жыр термесімен ашылды. Одан кейін Шыңкеңнің шәкірті Мұқаш жырау жырдан шашу шашты. Салтанатты жиында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары А.Төлендина мен Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары З.Ақылбекова, «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Шыңғысов, корпорацияның тау-кен өндірістік кешені өндіріс жөніндегі директорының міндетін атқарушы С.Ордабаев жұртшылықты мұражай мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ мұражай ұжымын аймақтағы әріптестері мен ардагер буын өкілдері де құттықтап, өздерінің ақжарма тілектерін жолдады.

Комментарии закрыты.