Оралмандар мәселесі қаралды

Өткен бейсенбі күні қала әкімінің орынбасары, оралмандарды қолдау жөніндегі Кеңестің төрайымы М.Мәдиеваның төрағалығымен аталмыш Кеңестің отырысы өтті. Кеңестің жұмысына жауапты мекемелердің басшылары мен мамандары қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде оралмандардың тұрақты мекен-жайда орналасуы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы, олардың жұмыспен, балаларының оқумен қамтылуы, жазғы уақытта сауықтыру алаңдарында демалуына жағдай жасау жөнінде сөз болды.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Т.Қапарова оралмандарға әлеуметтік көмек көрсету мен жұмысқа орналасу жайын, ІІБ көші-қон полициясының аға инспекторы, полиция майоры А.Қиянов оралмандардың құжаттандырылуы жайлы мәлімет берді.

Баяндамашылардың айтуынша, бүгінгі таңда қалада 30 оралман отбасы тұрып жатыр. Жалпы саны 59 адам, оның үшеуі зейнеткер болса он екісі мектеп жасындағы балалар. Қалған қырық төрті жұмысқа жарамды азаматтар.

Өз кезегінде М.Мәдиева оралмандардың ортаға қалыптасып, бейімделуіне көп көмек қажет екендігін атап өтті.

– Тіл білмейтін қандас бауырларымызға тіл орталығына барып тіл үйренулерін, олардың қаладағы мәдени іс-шараларға қатысуын «Қазақ тілі» қоғамы іске асыруы керектігін атап өткен Кеңес төрайымы жұмыстың қарқынын күшейтуді тапсырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.