Жас жұбайларды құттықтады

Өткен жұмада «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелерінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздік ұрпағы – туған елге!» атты жастар жобасы аясында «Бақытты жанұя – мемлекет тірегі» деп аталатын іс-шара өтті. Оның басты мақсаты – қаламызда отау құрғалы отырған жас жұбайларды құттықтап, оларға құрмет көрсету.

Сол күні АХАЖ бөлімінде тіркеліп, заңды түрде некесін қиған жас отбасы Руслан Естаев пен Айгүл Сапарходжаеваны бұл қуаныштарымен құттықтау үшін «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мағзұм Қожахметов өз жұбайымен келді.

Жас отбасына өз тілектерін айтып, құттықтаған соң, М.Қожахметов оларға салтанатты түрде «Жас жұбайлар» деген жазуы бар лентаны тағып, «Нұр Отан» ХДП атынан сертификат тапсырды.

–    Біз бұл акцияның қатысушысы болғанымызға өте қуаныштымыз. Оны ұйымдастырған «Нұр Отан» ХДП мен Сәтбаев қаласының әкімшілігіне ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар, барлық сәтбаевтықтарды және қала қонақтарын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтай отырып, барша халыққа амандық пен бейбітшілік тілейміз, – деп шексіз алғысын білдірді жас жұбайлар Р.Естаев пен А.Сапарходжаева.
Алдағы уақытта осындай іс-шараны ай сайын өткізіп тұру және осы жоба аясында қаламызда «Махаббат аллеясын» құру жоспарлануда.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.