Эстафетаны жасылелдіктер жалғастырады

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қолға алынған ауқымды шараның бірі – «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып отырған бұл марафон-эстафета Сәтбаев қаласы жастарының тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Мамыр айында бастау алған қалалық «Өз еліме сый» марафон-эстафетасы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына табысталды.

Даңқ алаңында марафон-эстафетаның жалауы «Қазақмыс» корпорациясы технологиялық колледжінің студенттерінен құрылған «Жасыл ел» еңбек жасақтарына салтанатты түрде тапсырылды. Осыған дейін де қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға үлестерін қосқан жасылелдіктер марафон-эстафетаның жалауын алған күннен қыркүйек айына дейін қаланы көркейтуді жалғастыра бермек.

Марафон-эстафетаны тапсыру салтанатында «Жасыл ел» еңбек жасағы штабының төрағасы Дулат Төлегенов, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшесі, жастар мәслихатының депутаты Жұлдызай Сыздықбаева сөз алып, біріге еңбек етуге шақырды.

Технологиялық колледждің студенті Анатолий Минакин эстафета жалауын табыстап, жасылелдіктерге сәттілік тіледі.

Осы күні  қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жасыл ел» еңбек жасағының бірлесуімен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап «Тәуелсіздік нұры шашылсын әр аулаға!» атты аулалар фестивалі бастауын алды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.