Балалық шақ мейрамы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру жағдайында рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие факторы ретінде балалар мен жастардың орындаушылық шеберліктерін, салтанатты көше фестивалін қолдау және дамыту мақсатында 1 маусым күні еліміздің барлық аймақтарында тұңғыш рет музыкалық оркестрлер мен ансамбльдердің шеруі өткізілді.

Осыған орай мереке күні Сәтбаев қаласында «Бақытты балалық шақ» атты шеру ұйымдастырылып, оған қаламыздағы барлық жалпы білім беретін орта мектептердің және балалар өнер мектебінің оқушылары, сондай-ақ оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысты. Айтулы іс-шараның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина жиналған қауымды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.

Мерекелік шеруді бастап жүрген барабаншылар отряды, халық аспаптары оркестрлері мен ансамбльдер, би ұжымдары, черлидерлер, спортшылар мен алуан түрлі мультхикаялардың кейіпкерлері академик Қ.Сәтбаев даңғылы бойымен бар сән-салтанатымен жүріп өтіп, Кеншілер алаңында тоқтап, өнер көрсетті. Олар қала жұртшылығына арнайы дайындаған театрландырылған көріністерін, әсем ән мен билерін, әр түрлі музыкалық аспаптарда ойнау шеберліктерін ұсынды. Әр білім ошағының балалары өткен кезде сол мектеп жайында қысқаша мәлімет беріліп, жеткен жетістіктері айтылды.

Шеру жазғы эстрадада өткізілген мерекелік концертке ұласты.

Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының ұйымдастыруымен қаламызда асфальтта сурет салу және пленэр сайысы өтті. Бұл іс-шара партияның «Бақытты балалық шақ» жобасы мен «Нұр Отан» – балаларға!» атты республикалық акциясы аясында өткізілді.

Сайыстың мақсаты – балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, көркемдік және өнегелік қасиетін арттыру, жалпы сурет салуғa ынталандыру болды.

Мерекеге филиалдың партиялық жұмыстарын ұйымдастырушы секторының меңгерушісі Сәкен Смағұлов қатысып, балаларды мейрамдарымен құттықтады. Осыдан соң С.Смағұлов сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған командаларды партия филиалы атынан Диплом мен естелік сыйлықтармен марапаттады. Сонымен, балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Бақытты балалық шақ әлемінде» атты асфальтта сурет салу сайысында І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның командасы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды №25 жалпы білім беретін орта мектептің және Абай атындағы №4 лицей-мектебінің командалары өзара бөлісті. Ал, ІІІ орынға №27 мен №16 орта мектептердің және №1 мектеп-гимназиясының командалары ие болды. Іс-шара соңында Кеншілер алаңында жиналған барлық балаларға 900 дана балмұздақ таратылды.

Комментарии закрыты.