Ескі мектепке жаңа келбет

Қаламыздағы 50 жыл тарихы бар білім ордасы – №3 орта мектеп биылғы жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болмақ. Бұл жұмыс үшін қалалық бюджеттен 46 миллион теңге бөлінген. Тендерді ұтып алған қарағандылық «Секторстрой» компаниясы 30 мамырдан бастап қызу жұмысқа кірісіп кетті.

Мектеп басшысы Мереке Байбекованың айтуынша, мектептің іші-сырты толық жөнделуде. Мектептің сыртқы қасбеті, қоршауы жаңартылып, спортзалдың төбесі шатырланып, пластиктік терезелер қойылып, едендері қайта төселіп, қосымша шығатын 3 есік темірге ауыстырылды. Кабинеттердің барлығы да толық жабдықталып, әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп,  жаңармақ. Жұмыстың қазір біраз бөлігі орындалған. Нысандағы күрделі жөндеу жұмысы тамыз айының аяғында толығымен аяқталып, 2011-2012 оқу жылында оқушылар жаңарған ғимаратта оқитын болады.

– Білім сапасын арттыру ең әуелі білім алатын ошақтың жайлылығы мен жағдайына байланысты екенін айтпаса да түсінікті. Тозығы жетіп, тек ағымдағы жөндеумен тұрған мектептің толығымен жөнделуі сапалы білімге жол ашпақ. Бұл күрделі жөндеу жұмысы –  қалалық биліктің, білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған сыйы, – дейді мектеп басшысы.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, елу жылдың ішінде бір жаңарған мектеп ұстаздары мен оқушылары жергілікті атқарушы билік пен білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді.

Дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 34 миллион теңге қаражат бөлініп, №14 М.Әуезов атындағы орта мектептің толық жөндеуден өтуіне де мүмкіндік жасап отыр. Бұл нысанда Қарағандының «Сапа темір» ЖШС компаниясы жұмыс атқарып жатса, қарағандылық «Монада» ЖШС компаниясы жалпы құны 22 миллионға №16 қазақ орта мектептің сырты өрт қауіпсіздігіне сай келмейтіндіктен қайта жөндеуден өткізіп жатыр.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.