Сыбайластықпен күрес аясы кеңеюде

Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында отырыс өтті. Отырысты басқарма бастығы Б.Шәкенов жүргізіп отырды.

Алғашқы сөз алған басқарма бастығының орынбасары Р.Шертаева дүние жүзін алаңдатып отырған сыбайлас жемқорлықтың дерті шалмаған бір де бір сала қалмағанын қинала айтты. – Әзірге “Нұр Отан” ХДП-сы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес қана оның тамыры тереңдеп бара жатқанын айтып жар салуда. Қазақстандағы жемқорлықтың деңгейін анықтау мақсатында әлеуметтік мониторинг өткізу үшін әлеумет және саясаттанушылар қауымдастығына тапсырыс берген де осы кеңес. Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күресу үшін бірқатар заңдылықтар қабылданды. Теледидардан да естіп жатырмыз, Президентіміз әр сөйлеген сөзінде осы мәселені қозғайды. Сыбайлас жемқорлық тек қолында билігі бар шенеуніктердің ғана емес, қарапайым халықтың да санасын улап алған, – деді баяндамашы.

Бас қазынашы Г.Әбдікәрімова өз кезегінде еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы  абыройын түсіретін, әрі экономикалық заңдардың еркін қызмет етуін шектейтін, еліміз үшін тиімді инвестициялардың келуін тежейтін басты кедергілердің бірі – осы сыбайлас жемқорлық,– деді.

Аталған тақырыпқа байланысты басқарма қызметкерлері Ә.Шонова, О.Қалиева өз ойларымен бөлісті.

Басқарма бастығы Б.Шәкенов сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі принциптерін атап өтті.  Жемқорлықпен күрес мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтудың басты мәселесі болып табылатынын айта келе, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымдық тұлғалар өз құзіреті шегінде жемқорлықпен күресуге міндетті, – деп отырысқа қорытынды жасады.

Сыбайлас жемқорлық құбылысы, әсіресе, мемлекеттік билік органдарында аса қауіпті, ол мемлекеттік басқару жүйесін бұзатын мемлекеттік билік пен мемлекеттік қызмет беделін түсіретін, экономиканың дамуына кері ықпалын тигізетін дерт.  Сондықтан онымен күрестің аясын кеңейтіп, ел болып атсалысқан абзал.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.