Қоқыс тасусыз жатыр

Сәтбаев даңғылы 125 үйдің тұрғындары Баян Сембаева мен Гүлзира Әубәкірова редакциямызға шағым айта келді. Оларды мазалағаны осы үйдің қапталындағы күл-қоқыс алаңында тасусыз жатқан тұрмыстық қатты қалдықтар мен үй іргесіндегі «Навигатор» дәмханасынан келіп отырған ыс пен түтіннің залалы.

– Тұрмыстық қатты қалдықтардың тасусыз жатқанына көп болды. Бұл жайтты «Сәт Тазалық» мекемесінің адамдарына айтып едік, олар «Бұл біздің міндетімізге кірмейді. Біз контейнерлердегі қоқыстарды ғана тасимыз» деп сөзімізді жүре тыңдады.

Жығылған үстіне жұдырық болғандай, «Жасыл елдің» балалары да тазалаған қоқыстар мен жұлынған арам шөптерді сол үйіндінің үстіне төгуде.
Бізді мазалайтын тағы бір мәселе – «Навигатор» дәм­хана­сының кәуәп пісіретін орнынан шыққан түтін мен майлы ыс. Балконға жуылған кірлерімізді жая алмаймыз. Май ағып бүлдіре ме деп қорқамыз. Үйдің қабырғасы ыстан сары-ала болып кетті. Осыларды жолға қоюға көмектессеңіздер екен, – дейді тұрғындар.
Бұған құзырлы орындар қандай жауап қайтарар екен?

Ізтай Белгібайұлы.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.